Malim.kz
Қоғам

ҚазҰУ-дағы қос студенттің қазасы: Түймебаевтың жауапкершілігі мен Қайрат Мәмидің рөлі қандай?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде он күннің ішінде екі бірдей бірінші курс студентінің көз жұмуы қоғамды дүр сілкіндірді. Қайғылы оқиғалардан кейін жатақханадағы әлімжеттік мәселесі көтеріліп, университет басшылығының жауапкершілігіне қатысты сауалдар көбейді, деп Malim.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Студенттердің өлімінен кейін университеттің проректоры мен факультет деканы қызметінен босатылды. Алайда 2021 жылдан бері оқу орнын басқарып келе жатқан ректор Жансейіт Түймебаев әлі де қызметінде отыр.

Сонымен қатар университеттің директорлар кеңесін Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Қайрат Мәми басқаратыны белгілі болды.

Ulysmedia.kz редакциясы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сауал жолдап, ректордың жауапкершілігі, директорлар кеңесінің өкілеттігі және оқу орнында жүргізіліп жатқан тексеру туралы сұраған.

Ректор неге әлі қызметінде отыр?

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ басшылығына 2021 жылдың ақпанында келген. Содан бері университет бірнеше даудың ортасында қалды. Студент қыздардың жеке және медициналық мәліметтерінің таралуы, оқытушыларға қатысты келіспеушіліктер қоғамда қызу талқыланған еді. Енді студенттердің қазасы оқу орнындағы қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарды.

Қайғылы оқиғалардың нақты себептерін тергеу органдары анықтауы тиіс. Дегенмен қылмыстық жауапкершілік пен оқу орнын басқарудағы жауапкершілікті бір-бірінен ажырата білу маңызды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ректордың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату еңбек заңнамасы мен жасалған еңбек шартында көрсетілген негіздер бойынша жүзеге асырылады.

Университет жарғысына сәйкес, ректорды тағайындау және қызметінен босату құқығы оқу орнының жалғыз акционеріне тиесілі.

Министрлік ректордың қызметіне баға беру кезінде бірнеше көрсеткіш ескерілетінін мәлімдеген. Олардың қатарында:

• Университеттің стратегиялық даму жоспарының орындалуы;

• Негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI);

• Білім беру сапасы;

• Ғылыми әлеуеті;

• Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі бар.

Алайда министрлік атаған көрсеткіштердің арасында студенттердің қауіпсіздігі жеке өлшем ретінде көрсетілмеген.

Бүгінде ата-аналарды университеттің халықаралық рейтингі немесе ғылыми жетістіктерінен бұрын балаларының амандығы алаңдатып отыр.

Қайрат Мәмидің университетке қандай қатысы бар?

ҚазҰУ-ды басқару ісіне ректордан бөлек директорлар кеңесі де қатысады. Аталған кеңестің төрағасы – Қазақстан Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы Қайрат Мәми.

Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл ақпаратты ресми түрде растаған.

"Акционерлік қоғамдар туралы" заңның 56-бабына сәйкес, директорлар кеңесінің төрағасы кеңес мүшелерінің арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Ulysmedia.kz редакциясы директорлар кеңесінің ректорды қызметінен босату мәселесін көтеруге құқығы бар-жоғын да сұраған.

Министрлік кеңестің өкілеттігі қолданыстағы заңнама мен университет жарғысында белгіленгенін түсіндірген. Ал ректордың қызметіне қатысты түпкілікті шешімді жалғыз акционер қабылдайды.

ҚазҰУ-дың жалғыз акционері – Ғылым және жоғары білім министрлігінің өзі.

Демек, ректордың қызметіне қатысты соңғы шешім қабылдау министрліктің құзыретінде.

Сонымен бірге жатақханадағы әлімжеттік туралы бұрынғы студенттердің мәлімдемелері директорлар кеңесінің университет әкімшілігінің жұмысын қаншалықты бақылағаны жөнінде сауал туындатып отыр.

Түймебаев пен Мәмиді не байланыстырады?

Жансейіт Түймебаев пен Қайрат Мәми – бір университеттің түлектері. Екеуі де еліміздің жоғары мемлекеттік қызметтерінде ұзақ жыл еңбек еткен.

Түймебаев ҚазҰУ-дың филология факультетін, ал Мәми заң факультетін тәмамдаған. Олардың мемлекеттік қызметтегі жолдары да бірнеше рет тоғысқан.

1999–2000 жылдары екеуі де Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент әкімшілігінде қызмет атқарды. Сол кезеңде Қайрат Мәми Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болса, Жансейіт Түймебаев президенттік хаттама қызметін басқарған.

68 жастағы Жансейіт Түймебаев әр жылдары Қазақстанның Ресей мен Түркиядағы елшісі, Білім және ғылым министрі, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының әкімі болған.

Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылы өзі білім алған университеттің басшылығына келді.

72 жастағы Қайрат Мәмидің де мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы ұзақ. Ол Жоғарғы сотты екі мәрте басқарған, Бас прокурор, Сенат төрағасы қызметтерін атқарған. 2022 жылдың желтоқсанына дейін Конституциялық кеңестің төрағасы болған.

Мәми мемлекеттік қызметте жүрген жылдары да университетпен байланысын үзбеген. 2009 жылы ҚазҰУ түлектері қауымдастығының президенті болып сайланған.

Бүгінде мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинаған қос тұлға еліміздегі іргелі жоғары оқу орнының басшылық құрылымында отыр.

Алайда олардың бұрын бір мекемеде жұмыс істегені қазіргі қайғылы оқиғаларға қатысы барын білдірмейді. Қоғамды алаңдатып отырған басты мәселе – университетті басқарудағы жауапкершілік пен бақылаудың тиімділігі.

Студенттердің қазасынан кейін жатақханаларда не өзгерді?

Қайғылы оқиғалардан кейін Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-да кешенді тексеру жүргізілетінін хабарлады.

Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы арнайы ведомствоаралық жұмыс тобын құрған.

Оның құрамына полиция қызметкерлері, криминалдық полиция мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының өкілдері, балалардың құқықтарын қорғау саласының мамандары, министрлік қызметкерлері және психологтар кірген.

17–20 қараша аралығында жұмыс тобы университет жатақханаларын аралап, студенттермен және факультет декандарымен кездескен.

Кездесулер барысында студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жанжалдар мен түрлі мәселелерге дер кезінде ден қою жолдары талқыланған.

Сондай-ақ студенттерге жеке қауіпсіздік ережелері, төтенше жағдайда арнайы қызметтерге жүгіну тәртібі түсіндіріліп, ақпараттық бейнематериалдар көрсетілген.

Министрлік университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры мен География және табиғатты пайдалану факультеті деканының еңбек шарты тоқтатылғанын растады.

Әлімжеттік жылдар бойы жалғасқан ба?

6 қарашада ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде білім алған бірінші курс студенті қайтыс болды. Арада он күн өткенде география факультетінің 17 жастағы студенті Дауыл Бақыртай жатақханада көз жұмды.

Марқұмның туыстары оған әлімжеттік жасалғанын мәлімдеді. Алайда бұл мәлімдеменің мән-жайын тергеу органдары анықтауы тиіс.

19 қарашада полиция университетте білім алатын студент қыздың өзіне қол жұмсамақ болғанын да растады.

Осы оқиғалардан кейін ҚазҰУ-дың бұрынғы түлектері әлеуметтік желіде жатақхана қабырғасында бастан өткерген жағдайларын ашық айта бастады.

Кейбір түлектердің сөзінше, жоғары курс студенттерінің бірінші курс студенттеріне үстемдік көрсетуі бірнеше жыл бұрын да болған. Олар мұндай бейресми тәртіптің ондаған жыл бойы жалғасып келгенін алға тартады.

Егер бұл мәлімдемелер расталса, мәселе жекелеген студенттердің әрекетімен ғана шектелмейді. Университет әкімшілігінің жатақханадағы ахуалды бақылауы мен студенттердің шағымдарына ден қою тетіктерін де қайта қарау қажеттігі туындайды.

Жауапкершілікті кім мойнына алады?

ҚазҰУ-дағы қайғылы оқиғалардан кейін қоғам алдында бірқатар сауал жауапсыз қалып отыр.

Университет ректоры мен директорлар кеңесі жатақханадағы жағдайдан хабардар болды ма? Бұған дейін студенттер тарапынан әлімжеттікке қатысты шағымдар түскен бе? Егер түскен болса, басшылық қандай шара қабылдаған? Жатақханалардағы ішкі тәртіп пен студенттердің қауіпсіздігі қалай бақыланған?

Проректор мен деканды қызметінен босату университеттегі жүйелі мәселелерді шешуге жеткілікті ме деген сұрақ та өзекті.

Еліміздегі ең беделді жоғары оқу орындарының біріне баласын сеніп тапсырған ата-ана үшін сапалы біліммен қатар қауіпсіз орта да маңызды.

Ендігі жерде университет басшылығы мен министрліктен тек кадрлық өзгерістер емес, тексерудің нақты қорытындысы, ашық жауап және студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін пәрменді шаралар күтіліп отыр.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары