ҚМДБ қазақ арасында қалыптасқан жеті шелпек пісіру, марқұмға Құран бағыштау, оның атынан садақа беру және ас ұйымдастыру дәстүрлеріне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Діни басқарманың мәліметінше, дүниеден өткен адамға Құран бағыштау, оның атынан садақа жасау және игі іс атқару қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан діни әрі дәстүрлі құндылықтардың бірі.
ҚМДБ соңғы уақытта кейбір діни ағым өкілдері мұндай амалдарды түгелдей «бидғат» деп бағалап, қоғамда қате түсінік қалыптастырып жүргенін атап өтті.
Басқарманың түсіндіруінше, дінде кейін пайда болған кез келген амалды бірден теріс деп бағалауға болмайды. Егер белгілі бір дәстүр исламның негізгі қағидаларына қайшы келмесе және шариғат талаптарына сай болса, оны рұқсат етілген амал ретінде қарастыруға болады.
Марқұмның атынан садақа беруге бола ма?
ҚМДБ марқұмның атынан садақа берудің исламда негізі бар екенін атап өтті.
Басқарма Әбу Һурайра жеткізген хадиске сүйенеді. Онда бір адам Пайғамбарымыздан қайтыс болған әкесінің атынан садақа берсе, оған сауабы тие ме деп сұрағанда, «Иә» деп жауап бергені айтылады.
Сондықтан марқұмның атынан садақа беру, Құран бағыштау және дұға жасауға қазақ дәстүрінде де ерекше мән берілген.
Жеті шелпек пен ас беру ше?
ҚМДБ-ның айтуынша, марқұмның рухына арнап дастархан жаю, ағайын-туысты жинау, дұға жасау және садақа беру — шариғатқа қайшы емес.
Жеті шелпек пісіру де осы дәстүр аясында қарастырылады. Оның өзі діни міндет немесе парыз ретінде қабылданбауы керек. Яғни шелпектің дәл жеті болуы міндетті деген талап жоқ, бірақ шелпек пісіріп, оны садақа ретінде таратуға тыйым салынбаған.
Ал ас-садақаның негізгі мақсаты — марқұмды еске алу, оның атынан садақа жасау, дұға бағыштау және ағайынның басын қосу.
ҚМДБ ас беруді ысырапқа, мақтанға немесе бәсекеге айналдырмау керектігін де ескертеді. Мұндай дастарханның мәні — сауапты іс жасау және марқұмның отбасына қолдау көрсету.
Басқарма қазақтың «Қазалы үйде қазан көтерілмесін» деген дәстүрінің де осындай мәні бар екенін атап өтті. Пайғамбарымыз Жағфар ибн Әбу Тәліптің отбасы қара жамылып отырған кезде, оларға өзге адамдардың тамақ дайындап беруін тапсырғаны туралы дерек келтіріледі.
ҚМДБ-ның ұстанымы
ҚМДБ дәстүрдің сыртқы формасына ғана қарап, оны бірден «бидғат» деп жоққа шығаруға болмайтынын айтты.
«Дәстүрдің діни негізі мен тәрбиелік мәніне назар аудару қажет», – деп атап өтті Діни басқарма.
Осыған байланысты ҚМДБ қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан, имандылыққа, садақаға, дұғаға және ағайын арасындағы өзара қолдауға негізделген дәстүрлерін сақтауға шақырды.