Malim.kz
Қоғам

"Қолын қанға малған жүргізуші әлі күнге дейін қамалған жоқ": Депутат Алматыдағы жол апаты туралы шындықты айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Мәжілістің баспасөз қызметі. Суретте: Мұрат Әбенов

Алматыда болған жантүршігерлік жол апаты қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов осы оқиғаға байланысты мегаполистегі жол қозғалысы мен құқық қорғау органдарының жұмысына қатаң сын айтты. Ол әл-Фараби даңғылынан тікелей эфирге шығып, қаладағы тәртіптің әлсірегенін ашық мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Депутаттың айтуынша, Алматыда заң талаптары барлық азаматтарға бірдей қолданылмай отыр. Оның пікірінше, қарапайым халыққа қатысты талап қатал болғанымен, қалталы әрі ықпалды тұлғалардың заң бұзушылықтарына көз жұма қарау жиілеген. Әбенов мұны қоғам үшін қауіпті үрдіс деп бағалады.

"Бүтін қаланы дүр сілкіндірген сұмдық трагедия орын алды. Халық кінәлі адам жазадан құтылып кете ме деп қауіптенуде. Қолын қанға малған жүргізуші әлі күнге дейін СИЗО-ға қамалған жоқ. Ауруханада жатыр дейді. Онда не болып жатқанын кім білсін?! Қанынан арап-шарапты шығартып, жауапкершіліктен жалтарудың амалын іздеп жатқан шығар. Алматы полициясы тек қарапайым азаматтарға ғана күші жетеді", – деп ашынды депутат тікелей эфирде.

Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні шамамен сағат 03:30-да әл-Фараби даңғылында болған. Батыс бағытта жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr маркалы электромобиль қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жас қыз оқиға орнында көз жұмды.

Ал Zeekr көлігінің жүргізушісі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда оның жеке басы мен жағдайы қоғам назарында.

Мұрат Әбеновтің айтуынша, Алматыда түнгі уақытта жылдамдықты асырып, заң бұзатын жүргізушілер аз емес. Ол әл-Фараби даңғылында қымбат көліктердің полицияның көз алдында жоғары жылдамдықпен жүйткіп жүргенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай жағдайлар құқық қорғау органдарының бақылауында болғанымен, нақты шаралар қолданылмай отыр.

"Себебі көлік иелері қалталылар, аға-көкесі мықты. Олар ешкімнен қаймықпайды. Конституция өзгергенімен, бұлар үшін ештеңе өзгермеді. Көліктер көз алдымызда құйындай ұшып өтіп жатыр. Ал жол полициясы соларға қарап тұр", – деді депутат.

Сондай-ақ мәжілісмен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке үндеу жасап, Алматыдағы жағдайды жеке барып көруге шақырды. Ол Парламент қабылдаған қатаң заңдардың іс жүзінде тек қарапайым халыққа ғана қолданылып отырғанын сынға алды.

"Министр мырза, Алматыға келіп, жағдайды көзбен көріңіз. Мен секілді көшеге шығыңыз. Алматы бетімен кетіп барады. Оңды-солды жарысып жүрген көліктер, тәртіпсіздік. Біз жолға қатысты өте қатаң заңдар қабылдадық. Бірақ бұлар тек қарапайым халыққа қарсы қолданылады. Үш адамның өліміне себепкер болған көлік иесі неге қамауда емес? Камералар неге тек айыппұл салуға  жұмыс істейді?", – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары