Malim.kz
Қоғам

Қордайда мұғалімнің оқушыға күш қолданған видеосы жұрттың ашуын туғызды

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Жамбыл облысында мұғалімнің оқушыға күш қолданғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Malim.kz.

Кадрлар Қордай ауданындағы оқу үйірмелерінің бірінде түсірілгені айтылады. Бейнежазбада педагогтің оқушыға дене күшін қолданғаны көрінеді. Желі қолданушылары мұғалімнің әрекетіне наразылық білдіріп, оқиғаға құқықтық баға беруді талап етті.

Педагогтің өзі жағдайға түсініктеме беріп, оқиғаның шамамен бір жыл бұрын болғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, ол оқушыдан және оның ата-анасынан жеке кешірім сұраған. Сондай-ақ жасаған әрекеті үшін заңда көзделген жауапкершілікті көтеруге дайын екенін айтқан.

Алайда бұл түсініктеме көпшіліктің наразылығын баса алмады. Пікір қалдырғандардың бір бөлігі баланың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, мұндай әрекетті тек кешірім сұраумен шектеуге болмайтынын жазған.

"Кешірім сұрау жеткілікті ме? Мұндай жағдайға тиісті шара қолданылуы керек", – деп пікір білдірген желі қолданушылары.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы мен тараптардың жауапкершілігіне қатысты ресми ақпарат күтіліп отыр. Жамбыл облысының полиция департаменті мен құзырлы органдардың түсініктемесі жарияланған жағдайда материал толықтырылуы мүмкін.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары