Malim.kz
Саясат

"Қосшыдан басшы көп... Бұл түбі жақсылыққа апармайды" – Тоқаев ұлттық компанияларға шүйлігіп, қатаң ескерту жасады

Мадияр Қапанбек
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардағы бірқатар қызметкердің жұмысына қатысты қатаң сын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жаңа әрі сапалы инвестиция тарту мәселесіне тоқталып, заманауи, жоғары технологиялы өндірістерді құруда жеке бизнестің рөлі ерекше екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, дәл осы жеке сектор сапалы инвестицияның негізгі көзіне, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтардың табысын арттыруға серпін беруі тиіс.

Сондай-ақ ол "Бәйтерек" холдингін инвестициялық холдингке айналдыру белгілі бір себептерге байланысты болғанын айтты. Холдингтің нарықтық экономикаға ықпалы зор болғанымен, жеке бастамалардың шектелуіне жол бермеу маңызды екенін ескертті. Бұл талап "Самұрық-Қазына" қорының қызметіне де қатысты.

"Самұрық-Қазына" қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей "Сол жағалаудың" адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды. Инфляция деңгейі тұрақталып, төмендегеннен кейін нарық қағидаттарын күшейту керек болады. Даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен тиімді қарым-қатынас орнатуы қажет. Бұл қатынас бәсекелестікке емес, өзара серіктестікке негізделуі керек.

Елімізде инвесторлардың қызығушылығын арттыратын салалар көп. Осы салаларды дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық болуға тиіс. Әсіресе, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн. Мысалы, қазір технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материалдарға, яғни, сирек металдарға сұраныс күрт артып келеді. Қазақстанда мұндай жобаларды жүзеге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы. Осы артықшылықты тиімді пайдалануымыз керек, оны ел игілігіне жарату қажет", – деді президент.

Президент инфляция тұрақталып, төмендеген сайын нарықтық қағидаттарды күшейту басымдыққа айналуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен бәсекелестік емес, өзара әріптестікке негізделген тиімді қарым-қатынас орнатуы қажет.

Айта кетейік, Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиын барысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің, Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары