Malim.kz
Қоғам

Қостанайда 35 жастағы шенеунік қамауға алынды

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

Қостанай облысында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қамауға алынды, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Доспанов ұсталды.

«Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаменті лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Доспанов Е.-ні ұстады», – деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Прокуратура мәліметінше, сот күдіктіні қамауға алуға санкция берген. ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

35 жастағы Ерболат Доспанов Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «экономика бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары Қостанай қалалық жедел медициналық жәрдем стансасында экономист, Қостанай қалалық емханасында бухгалтер болып жұмыс істеген, кейін Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасына ауысқан.

2020 жылы ол облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды, ал 2024 жылы Қостанай облыстық фтизиопульмонология орталығында экономика және шаруашылық мәселелері жөніндегі бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарды. Кейін Қостанай облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары болды.

2024 жылы Доспанов қайтадан Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметіне оралған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары