Malim.kz
Қоғам

Қостанайда әйелге бензин құйып өртеген: сот үкімі 5 жылдан 7 жылға ұлғайтылды

Арман Қайыпхан
Фото: depositphotos.com

2025 жылдың жазында Қостанай қаласының тұрғыны жанжал кезінде әйелге бензин құйып, өртеп жіберген, деп хабарлайды Malim.kz.

12 наурызда бірінші инстанция соты оны денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Алайда прокуратура жазаны қатаңдату туралы апелляциялық өтініш түсірді.

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы ер адамның әрекетінен ерекше қатыгездік белгісін танып, үкімді өзгертіп, жаза мерзімін 5 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтты.

Қадағалау органының мәліметінше, бұған дейін бірінші инстанция соты ер адамды ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға соттаған, алайда «ерекше қатыгездік» белгісін алып тастаған.

«Сот анықтағандай, жанжал барысында сотталған адам жәбірленушіге қасақана ауыр зиян келтірген: әйелге бензин құйып, өртеген. Соның салдарынан жәбірленушінің денесінің 35 пайызы күйік шалған. Істің ауырлығына қарамастан, бірінші инстанция соты “ерекше қатыгездік” белгісін алып тастаған», — делінген Қостанай облысы прокуратурасының хабарламасында.

Прокуратура бұл үкіммен келіспей, оны тым жеңіл деп бағалап, апелляциялық өтініш енгізді.

«2026 жылғы 28 сәуірде апелляциялық алқа іс материалдарын қарап, сотталғанның әрекетінде ерекше қатыгездік белгісі бар деген қорытындыға келді. Нәтижесінде үкім өзгертіліп, азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша, яғни ерекше қатыгездікпен жасалған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша кінәлі деп танылды», — деп хабарлады прокуратура.

Жаңа саралауды ескере отырып, сот 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары