"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы пойыздарда бейтаныс ерлер мен әйелдерді бір купеге қатар орналастырмауға мүмкіндік беретін билет сату жүйесін зерттеп жатыр, деп Malim.kz тілшісі Qaz365.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәселе әлеуметтік желіде қазақстандық жолаушының ұсынысынан кейін көтерілген. Threads қолданушысы Түркиядағы теміржол билеттерін сату тәртібін мысалға келтірген.
Оның айтуынша, Түркияда купедегі алғашқы орынды ер адам сатып алса, қалған орындар да ер жолаушыларға ұсынылады. Дәл осындай тәртіп әйелдерге де қатысты қолданылады. Желі қолданушысы ҚТЖ-ны белгілеп, мұндай жүйені Қазақстанда енгізу мүмкіндігін сұраған.
Ұлттық компания өкілдері ұсыныстың қазір мамандар тарапынан қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
"Бұл жүйені біздің мамандар қазірдің өзінде зерттеп жатыр. Әрі қарай оны енгізу-енгізбеу мәселесі қарастырылады", – деп жауап берген ҚТЖ.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстандағы бірқатар бағытта әйелдерге арналған арнайы вагондар бар. Ал ұсынылып отырған жүйе вагонды толықтай бөлуден гөрі, купедегі орындарды жолаушының жынысына қарай сатуды қарастырады.