Қазақстандық дәстүрлі садақшылар Түркияда өткен FETIH KUPASI халықаралық турнирінде жоғары нәтиже көрсетті, деп Malim.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Стамбул қаласында ұйымдастырылған байрақты бәсекеге әлемнің 40 елінен 500-ден астам спортшы қатысқан. Турнирдің Түрік путасы, яғни 50 метр қашықтықтағы сайысында қазақстандық мергендер жүлделі орындарға ие болды.
Ерлер арасында Жәнібек Саламатұлы Түрік путасы нысанасы бойынша қарсыластарынан озып, алтын медаль жеңіп алды. Ал Марат Лұқпанов қола жүлдегер атанды.
Әйелдер арасында Сабира Жаппар да үздік үштіктен көрініп, қола медаль иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстанның дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орынға шықты. Бұл қуанышты хабарды Мәжіліс депутаты, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
"Қазақ елі, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті әрі дәстүрлі садақ атудың жанкүйері ретінде баршаңызды құттықтаймын! Садақшыларымызға, жаттықтырушыларымызға және федерация бастамаларын қолдаған ҚР Туризм және спорт министрлігіне алғыс айтамын. Сұрмергендерімізге жанкүйер болыңыздар!" – деп жазды ол.
Осылайша қазақстандық садақшылар халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғап, ұлттық спорттың мәртебесін тағы бір мәрте көтерді.
Нартай Аралбайұлы садақшылардың жеңісі туралы қуанышты хабар жеткізді
Мәжіліс депутаты әрі Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы қазақстандық спортшылардың халықаралық турнирде жеткен жетістігі туралы сүйінші хабар айтқан еді.
Оның мәліметінше, Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен "Tashkent" халықаралық ашық турнирінде қазақтың дәстүрлі садақшылары жоғары нәтиже көрсеткен. Байрақты бәсекеге Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Кипр және Қазақстаннан 100-ге жуық спортшы қатысқан.
Қазақстан атынан сынға түскен 7 спортшы ел намысын абыроймен қорғап, 4 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған. Осылайша Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орынға көтерілген.
Нартай Аралбайұлы бұл жеңіс қазақтың дәстүрлі садақ ату өнері әлемдік деңгейде мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдегенін айтқан.
"Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 1-орынды жеңіп алды. Қазақтың дәстүрлі садақшылары әлемде теңдессіз екенін тағы да көрсетті. Бізге жанкүйер болып, қолдау білдіріп жүрген барша азаматтарға алғыс айтамын", – деп жазған ол.
Сонымен қатар депутат бұл жетістікті 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аруларға жасалған ерекше сый деп бағалап, федерация мүшелерін жеңіспен құттықтаған.