Malim.kz
Қоғам

Қуандық Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінінен 25 млн теңге өндіріп алмақ

Сабина Асқарқызы
Видеодан скриншот

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман бұрынғы енесі Алмира Нұрлыбекованың өзінен шамамен 25 миллион теңге өндіру туралы талап-арызбен сотқа жүгінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қаһарманның сөзінше, дау 2011 жылдан бері өзі басқарған фитнес-клубтың қызметіне байланысты туындаған. Ол кезде фитнес-клуб бұрынғы енесінің атына рәсімделген ғимаратта орналасып, тараптар арасында сенімгерлік басқару туралы келісім жасалған.

Оның айтуынша, некеде тұрған жылдары күйеуінің туыстары бизнестен түскен табысқа қатысты ешқандай талап қоймаған. Алайда арада бірнеше жыл өткен соң, бұрынғы енесі аталған қаражатты сот тәртібімен өндіріп алуды талап еткен.

Назым Қаһарман бұл жағдайды өзіне жасалып отырған қысымның бір көрінісі деп бағалайды. Оның пікірінше, мұндай әрекеттер балаларын Қуандық Бишімбаевтың туыстарымен араластыруға ықпал ету мақсатында жасалып отыр.

Маған шамамен 25 миллион теңгеге талап-арыз түсті. Бұл – соңғы екі жыл ішінде маған қарсы берілген төртінші талап-арыз. Оның үшеуі басқа тұлғалардың атынан берілсе, бұл жолы алғаш рет бұрынғы енемнің атынан түсіп отыр. Ал өз тарапымнан осы уақытқа дейін тек ата-ана құқығынан айыру туралы бір ғана талап-арыз бердім, – деді ол.

Қаһарманның айтуынша, екінші баласы дүниеге келгеннен кейін корпоративтік сектордағы қызметінен кетіп, фитнес-клубты дамытуға күш салған. Сол кезде сенімгерлік басқару туралы келісімнің кейін құқықтық дау туғызуы мүмкін екенін ойламағанын жеткізді.

Сондай-ақ ол сенімгерлік басқару шарты бойынша жұмыс істейтін азаматтарды мұндай келісімдердің құқықтық салдарын алдын ала мұқият зерделеуге шақырды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары