Атырауда ММА спортшысы Қуат Хамитов қатысқан видео әлеуметтік желіде тарағаннан кейін полиция тексеру жүргізіп, оған айыппұл салды, деп хабарлайды Malim.kz.
Batyr Fighting Championship турниріне келген спортшыға қатысты жағдай жол қозғалысы ережелерін бұзумен байланысты болған.
Видеода Toyota Camry көлігіндегі жолаушылар қозғалыс кезінде терезеден шығып тұрғаны көрінеді. Ал Хамитовтың өзі Mustang көлігін қауіпсіздік белдігін тақпай басқарған.
Тексеру қорытындысы бойынша полиция Toyota Camry көлігінің жүргізушісі мен жолаушыларын, сондай-ақ Mustang тізгіндеген 38 жастағы жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Атырау облыстық полиция департаменті жол қозғалысы ережелері баршаға бірдей міндетті екенін еске салды.