Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық драма театры директорының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Елік Нұрсұлтанұлы әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм Асанәлі Әшімовке арналған әсерлі жазбасын жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Елік Нұрсұлтанұлы Instagram желісіндегі ресми парақшасында қазақ өнерінің абызы туралы естелігін бөлісті.
"Бүгін Асанәлі ағамыздың 40 күндік асы өтті… 2022 жылғы күнделігінде, өз қолымен жазған жазбасында: "Бүгін құлағыма 88 деп сыбырлады. Оған дейін әлі 4 жылым бар екен" депті. Арқасы бар адам ғой, жарықтық… Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Әумин", – деп жазды ол.
Айта кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол – Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, режиссер әрі профессор.
Өнер майталманы 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында туған. 1956-1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Шығармашылық жолын "Қазақфильм" киностудиясында бастаған ол 1963 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында актер әрі режиссер ретінде ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Асанәлі Әшімов қазақ киносы мен театрын әлемдік деңгейге көтерген бірегей тұлғалардың бірі саналады.
Марапаттары мен атақтары
Өнердегі өлшеусіз еңбегі үшін Асанәлі Әшімов көптеген беделді марапаттарға ие болды. Атап айтқанда:
- 1973 жыл – "Атаманның ақыры" фильміндегі рөлі үшін К.Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы
- 1974 жыл – театр өнеріндегі еңбегі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы
- 1978 жыл – Қазақ КСР халық әртісі
- 1980 жыл – КСРО халық әртісі
- 2000 жыл – "Тарлан" тәуелсіз сыйлығы
- 2001 жыл – "Отан" ордені
- 2002 жыл – Жамбыл облысының құрметті азаматы
- 2003 жыл – "Қазақы оқиға" фильміндегі рөлі үшін "Шәкен жұлдыздары" кинофестивалінің лауреаты
- 2007 жыл – "Құрмет" ордені
- 2007 жыл – әлемдік кино өнеріне қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық академиясының "Алтын қыран" ордені