Пата Сека – 1830 жылы Анголада дүниеге келген, бойы екі метрден асатын, күшті әрі денелі адам болған. Оның өмірі Бразилиядағы құлдықтың ең қатыгез және адам төзгісіз жүйесінің көрінісі ретінде тарихта қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жас кезінде Пата Секаны Бразилияның ірі жер иесі Хоаким Жозе де Оливейра сатып алып, оған "Жозе Флоренсио" деген жаңа ат береді. Алайда ол Секаны ауыр еңбекке емес, ерекше мақсатқа – "тұқымдық құл" ретінде пайдаланады.
XIX ғасырда Бразилия экономикасының негізгі тірегі – құл еңбегі еді. Африкадан әкелінген құлдар Америкадағы барлық құлдардың шамамен 40 пайызын құраған. 1825 жылы ел тәуелсіздігін алғанымен, құлдық жүйе жойылмады. 1850 жылы халықаралық құл саудасына тыйым салынса да, ішкі сұраныс азайған жоқ. Құл әйелдер бала туып үлгермесе, шаруашылық жүйе күйреуі мүмкін еді. Сол себепті жер иелері арнайы "тұқымдық құлдар" жүйесін енгізіп, оларды күштеп ұрпақ көбейтуге мәжбүрледі.
Пата Сека – осындай жүйенің ең әйгілі "тұқымдық құлы" атанды. Оның дене күші мен денсаулығы ерекше бағаланып, ондаған құл әйелмен мәжбүрлі түрде қатынас орнатуға міндеттелді.
Тарихшылардың ресми құжаттарға сүйенген деректеріне қарағанда, Пата Сека кем дегенде 249 баланың әкесі болған. Бұл тек тіркелген мәліметтер, шын мәнінде олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Оның көптеген балалары басқа жер иелеріне сатылып кеткен немесе өз қожайынының плантациясында жұмыс істеуге мәжбүр болған.
1888 жылы Бразилияда құлдық ресми түрде жойылған соң, Пата Сека еркіндігін алды. Оны азат еткен иесі оған шағын жер телімі мен үй сыйлаған. Осы жер кейін "Sítio Pata Seca" деп аталып, ол жерде Пата Сека қант қамысынан жасалатын дәстүрлі тәтті – рападура өндіріп, еңбекпен өмір сүрді.
Ол бостандық алғаннан кейін бұрынғы құл Пальмира есімді әйелге үйленіп, осы некеден тоғыз бала дүниеге келді. Пата Сека алғаш рет шынайы отбасылық өмірге қадам басып, адал еңбекпен балаларын өсірді.
XX ғасырдың ортасында Бразилияның Сан-Карлос қаласындағы қара нәсілді тұрғындардың шамамен 30 пайызы оның ұрпағы болғаны айтылады.