Премьер-министр Олжас Бектенов көлік министрі Нұрлан Сауранбаевнен жаңа халықаралық бағыттарды ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрады, деп хабарлайды Malim.kz.
Үкімет отырысында премьер-министр Токио мен Нью-Йоркқа тікелей рейстер ашу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанын айтып, нақты нәтиженің жоқтығына назар аударды.
«Біз Нью-Йорк, Токио және басқа да бағыттар бойынша тікелей рейстер ашамыз деп көптен бері айтып келеміз. Алайда әлі нәтиже жоқ. Осы бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?» – деп сұрады Бектенов.
Өз кезегінде көлік министрі қазіргі уақытта Астанадан 34 халықаралық бағыт бойынша рейстер орындалатынын мәлімдеді.
«Токио бағыты бойынша тікелей рейс осы жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады. Ал АҚШ-қа тікелей рейс келесі жылдың екінші тоқсанында ашылады. Сонымен қатар биылғы жылдың соңына дейін тағы бес халықаралық бағыт іске қосылады», – деді Сауранбаев.
Премьер-министр бұл жұмыстардың нақты нәтижеге ұласуы қажет екенін атап өтті.
«Бұл тек сөз жүзінде қалып қоймасын», – деп ескертті ол.
Сондай-ақ министр Қазақстандағы ішкі әуе рейстерінде биометриялық технологияларды енгізу жоспарланып отырғанын айтты.
Айта кетейік, Токио мен Нью-Йорк бағыттарына тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Енді аталған жобалардың нақты іске асу мерзімі жарияланып отыр.