Malim.kz
Қоғам

Құрылтайға жаңа есімдер келеді: кәсібилікке сұраныс артып отыр

Мадияр Қапанбек
Фото: Сарапшының жеке архивінен

Алдағы Құрылтай сайлауына 546 кандидат ұсынылды. Солардың небәрі 51-інің ғана бұрынғы шақырылымдарда депутаттық тәжірибесі бар. Бұл жалпы кандидаттардың 9,45 пайызын ғана құрайды. Демек, жаңа құрамда бұрын-соңды заң шығарушы органда жұмыс істемеген жаңа есімдердің үлесі басым болмақ, деп хабарлайды Malim.kz.

Сонымен қатар, Құрылтай бұрынғы Парламенттің тарихи ізбасары болғанымен, институционалдық тұрғыдан жаңа өкілді орган саналады. Заң шығару рәсімдері, Үкіметпен өзара іс-қимыл форматы және комитеттердің жұмысы өзгеше болады. Мәселен, заң жобаларын қарау тәртібі төрт оқылымнан үш оқылымға қысқарады, қос палаталы құрылым болмайды. Сондықтан бұрын депутат болғандардың өзі де, алғаш рет сайланатындар да жаңа саяси тәжірибеден өтеді.

Осыған байланысты басты назар кандидаттардың бұрынғы депутаттық өтілінде емес, олардың болашақ Құрылтайдағы нақты жоспарлары мен бастамаларында болуы тиіс. Үміткерлер заң шығару процесіне қатысуға дайын екенін, қандай реформаларды жүзеге асыратынын, қандай әлеуметтік немесе үкіметтік бағдарламаларды заңнамалық деңгейде ілгерілететінін бүгіннен бастап ашық көрсетуі қажет.

Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, сайлаушылар партиялардан радикалды немесе популистік уәделерді күтпейді. Керісінше, халық инфляцияны төмендету, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту, жемқорлықпен күрестің тиімді тетіктерін енгізу сияқты нақты мәселелердің шешімін талап етеді. Сондықтан болашақ Құрылтай мүшелерінің кәсіби біліктілігі мен салалық құзыреті негізгі талаптардың біріне айналып отыр.

Партиялардың ұсынған тізімдерінен де жаңа үрдіс байқалады. Бұрынғыдай тек танымал тұлғаларға басымдық беру азайып, оның орнына әртүрлі саланың мамандарын қамтуға және командалық жұмыс қағидатына мән беріле бастаған. Бұл институционалдық сабақтастықты күшейтіп, заң шығару сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ партиялар ұсынатын кез келген заң жобасының балама нұсқалары мен нақты іске асыру тетіктері болуы маңызды. Құрылтайдағы пікірталастар нақты шешімдерге негізделген жағдайда ғана заң шығару процесінің сапасы артады.

Өткен шақырылымдардың тәжірибесі заң шығарудағы бастамашылдықтың маңызын көрсетеді. Бұрын заң жобаларының басым бөлігін Үкімет ұсынса, 8-шақырылымда бұл арақатынас өзгеріп, 350-ге жуық заң жобасының 106-сы депутаттардың тікелей бастамасымен әзірленді.

Алдағы кезеңде Құрылтайдың ықпалы оның мүшелерінің өз бастамасымен әзірленетін заң жобаларының көбеюімен өлшенбек. Бұл кәсіби Құрылтайдың қалыптасқанын және депутаттардың қоғамдық сұранысты нақты заңнамалық шешімдерге айналдыра алатынын көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі болады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары