Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қымбат заттарға құмарлығымен тағы да жұртшылықтың назарына ілікті. Бұл жолы аймақ басшысы Шиелі ауылына құны 41 миллион теңгеден басталатын Chevrolet Tahoe жол талғамайтын көлігімен келді, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Әкіммен бірге шенеуніктердің кортежі де болды, олардың арасында қымбат Maybach көлігі көзге түсті. Журналист, «Обожаю» жобасының авторы Асхат Ниязов бұған назар аударып, әлеуметтік желіде өз пікірімен бөлісті:
«Нәлібаев, әрине, көліктің есігін өзі ашпайды. Бұны қойшы. Ол келгенде бюджет қызметкерлері шапқылап жүретініне үйреніп қалдық. Тағы бір сұрағым бар: 45 миллион теңге тұратын Chevrolet Tahoe әкімдікке тиесілі ме? Шенеуніктердің айтуынша, оны демеушілер берген. Ал Maybach көлігі мүлде әкімдікі емес екен» - деп жазды ол.
Фото: primeminister.kz