МҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиев қырғызстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтап, кешірім сұрады. Оның видеосы әлеуметтік желілерде тарап жатыр, - деп хабарлайды Malim.kz 24.kg-ге сілтеме жасап.
Қамшыбек Тәшиев әрбір отбасыға бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық тілеп, елді бірлік пен өзара түсіністікке шақырды. Ол бұл күндері кешірімді болу мен рухани тазарудың маңыздылығын атап өтті.
"Егер білмей қателік жасап, біреудің көңіліне тиген болсам, кешірім сұраймын. Қасиетті Рамазан айында түрлі қауесет таратып, күйе жаққандардың барлығын Алла разылығы үшін кешірдім. Келесі жолы олай жасамайды, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратпайды деп үміттенемін. Жаратқан ие олардың жүрегіне иман берсін! Баршаңызды мерекемен құттықтаймын!" - деді Қамшыбек Тәшиев.
Видео әлеуметтік желілерде тарап, қолданушылар арасында қызу талқыланып жатыр.
Еске сала кетейік: кеше қырғыз БАҚ-тары дереккөздерге сілтеме жасап, МҰҚК-нің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиевтің ІІМ-ге жауап алуға шақырылғанын хабарлаған болатын. Бұған дейін оның ұлы Тай-Мұрас пен туған бауыры Шайырбек Тәшиев те жауап алуға шақырылған болатын.