Malim.kz
Әлем

Қырғызстан Ресей Үкіметін сотқа берді

Арман Қайыпхан
Фото: depositphotos.com

Қырғызстан Ресейдің еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне міндетті медициналық сақтандыру (ММС) полисін беруден бас тартуына байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сотына талап-арыз түсірді. Бұл туралы 27 қаңтарда Жогорку Кенештің еңбек, денсаулық сақтау, әйелдер істері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz 24.kg-ге сілтеме жасап.

Комитет мүшелері Ресейде еңбек етіп жүрген қырғызстандық мигранттарды медициналық көмекпен қамту жұмысының қалай жүріп жатқанына қызығушылық танытты.

Міндетті медициналық сақтандыру қорының (ММСҚ) төрағасы Азамат Мукановтың айтуынша, ЕАЭО-ға мүше бес ел арасында еңбек мигранттарына қатысты келісім бар. Алайда Ресей тарапы келісімнің 96–97-баптарын бұзып, еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне ММС полисін беруден бас тартып отыр.

«Қырғызстан ЕАЭО сотына талап-арыз берді, іс қаралып жатыр, шешім екі апта ішінде шығарылады. Ресейдің вице-премьері Алексей Оверчук Қырғызстанға келген кезде де бұл мәселе көтерілген», – деді Муканов.

Қырғызстан мен Ресей арасында әлеуметтік қамсыздандыру туралы келісім бар, ол ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекетке қолданылады. Қырғызстан ЕАЭО-ның толыққанды мүшесі атанғанына 2015 жылдың тамыз айынан бері он жылға жуықтады. Бішкек сот арқылы Ресейде жұмыс істейтін өз азаматтарының отбасы мүшелеріне тегін медициналық сақтандыру алу құқығын қамтамасыз етуді көздеп отыр.

РБК еске салғандай, Ресейдің №326-ФЗ «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» заңындағы 10-бапқа сәйкес, ЕАЭО елдерінің еңбек етуші азаматтары ММС полисін алуға құқылы. Алайда олардың отбасы мүшелері жеке санат ретінде көрсетілмеген. Егер оларда уақытша тұруға рұқсат (РВП) немесе тұрақты тұруға ықтиярхат (ВНЖ) болмаса, ММС полисі берілмейді.

ЕАЭО соты Минск қаласында орналасқан. Оның құрамына әрбір мүше мемлекеттен екі судьядан кіреді. Судьялардың өкілеттік мерзімі – тоғыз жыл. Соттың негізгі мақсаты – ЕАЭО туралы шарт пен басқа да халықаралық келісімдерді бірізді түсіндіру.

ЕАЭО құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей кіреді. Одақтың бірыңғай штаб-пәтері жоқ, басқарушы органдары әртүрлі қалаларда орналасқан.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары