Қытайдың шілде айындағы экспорты сарапшылар күткеннен жоғары өсім көрсетті. Елдің Кеден басқармасының мәлімдеуінше, экспорт көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,9 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш Reuters сауалнамасына қатысқан экономистер болжаған 22 пайыздық өсімнен жоғары болды. Импорт та 27,5 пайызға ұлғайғанымен, маусым айындағы қарқыннан біршама баяулады, деп хабарлайды Malim.kz.
Қытай экспортының негізгі жетеккүші - жасанды интеллект инфрақұрылымына қажетті жоғары технологиялық өнімдер. Атап айтқанда, жартылай өткізгіштер, интегралды схемалар, электроника және өнеркәсіптік жабдықтарға әлемдік сұраныс жоғары күйінде қалып отыр. Сонымен қатар автокөлік экспорты да 50 пайыздан астам өсім көрсеткен. Ал ойыншықтар, керамика және басқа да дәстүрлі тауарлар экспорты керісінше төмендеген.
Аталған өсімге қарамастан, Қытай экономикасы бірқатар қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Ел ішінде тұтынушылық сұраныс пен инвестицияның әлсіздігі сақталған күйінде. Есесіне АҚШ пен Еуроодақ Қытайдың экспорттық саясатына қатысты қысымды күшейтіп барады. Шілдеде АҚШ Қытай тауарларының бір бөлігіне жаңа баж салығын енгізді. Еуроодақ та сауда шектеулерін қатаңдату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бірақ қалай болған күнде де, экспорт Қытай экономикасының басты тіректерінің бірі екені даусыз.