Malim.kz
Әлем

Қытай ядролық қарудың жаңа түрін әзірлеп жатыр – CNN

Арман Қайыпхан
Фото: depositphotos.com

АҚШ барлау қызметі Қытай жаңа буындағы ядролық қару жасап жатыр деп есептейді. Бұл туралы CNN америкалық арнайы қызметтердің бағалауымен таныс дереккөздерге сілтеп жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

«АҚШ-тың барлау агенттіктері Қытай ядролық қарудың жаңа буынын әзірлеп жатыр деп санайды», – делінген жарияланымда.

Америкалық барлаудың мәліметінше, 2020 жылдың маусым айында Қытай жүргізген сынақтар Қытайдың ядролық әлеуетін әлемдегі ең технологиялық тұрғыдан озық деңгейге жеткізуге бағытталған.

Телеарна атап өткендей, әңгіме бірнеше ядролық шағын оқтұмсық алып жүре алатын зымыранды әзірлеу туралы болып отыр.

Сонымен қатар хабарламада Қытай бұрын болмаған төмен қуатты тактикалық ядролық қару жасап жатқаны айтылған.

ҚХР-дың Вашингтондағы елшілігі телеарнаға АҚШ мәлімдемелері Қытайдың ядролық саясатын бұрмалауға және қаралауға бағытталғанын мәлімдеді. Онда мұндай айыптаулар саяси манипуляция деп аталып, Қытай мұндай нарративтерге қарсы екені айтылды.

Елшілікте Қытай ядролық сынақ жүргізді деген мәлімдемелер негізсіз екені қосылып, АҚШ өз ядролық сынақтарын қайта бастау үшін сылтау ойлап тауып отыр деп айыпталды.

Өз кезегінде америкалық шенеуніктер телеарнаға Дональд Трамп әкімшілігі Қытайды ядролық қару жөніндегі келісімге қосуды көздеп отырғанын айтты.

Еске салсақ, бұған дейін Трамп Иранға ядролық келісімді 10-15 күнде аяқтауға уақыт берген еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары