Қытайдың Сауда министрлігі АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытай импортына қосымша 50 пайыз баж салығын енгізу туралы қаупін "қателік үстіне қателік" деп атады, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
8 сәуірде Қытай Сауда министрлігі жариялаған мәлімдемеде Бейжің өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін "батыл қарсы шаралар" қабылдайтынын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, АҚШ енгізген жаһандық импорт тарифтері - "субъектив, біржақты бағалауға" негізделген, халықаралық сауда ережелеріне сай келмейді және "біржақты қорқыту тәжірибесінің айқын мысалы".
"Қытай бұған ешқашан көнбейді. Егер АҚШ өз дегенінен қайтпаса, Қытай ақырына дейін күресетін болады", – деп келтіреді Қытай Сауда министрлігінің өкілінің сөзін "Синьхуа" ақпарат агенттігі.
Трамптың Қытайға қатысты баж салығы
Наурыздың басында Дональд Трамп Қытайдан келетін өнімдерге тарифтерді 10%-дан 20%-ға дейін көтерді. Бұл шешімді ол "Қытайдың тыйым салынған есірткілер тудырған дағдарысты жеңілдету үшін тиісті шаралар қабылдамағаны" деп түсіндірді.
Ал өткен апта аяғында Трамп 180-нен астам ел мен аумаққа, оның ішінде Қытайға да қатысты жаңа импорт тарифтерін жариялады. 9 сәуірден бастап Қытайдан келетін тауарларға 34 пайыздық баж салығы енгізіледі.
Бұған жауап ретінде Бейжің АҚШ тауарларына да осындай баж салығын енгізетінін ескертті. Осыған жауап ретінде Трамп 7 сәуірде мәлімдеме жасап, егер Қытай сол күнге дейін қарсы шараларынан бас тартпаса, онда 9 сәуірден бастап Қытайға қарсы қосымша 50% баж салығы енгізілетінін айтты.
Фото: imemo.ru