Қытайдан жеңілдікпен көлік алған қазақстандықтар күтпеген қиындыққа тап болды. Елдің әр өңіріндегі жүргізушілердің банк шоттары аяқ астынан бұғатталып, оларға қосымша қарыз есептеле бастаған. Кейбіріне шамамен 1 миллион теңгеге дейін төлем жүктелген, деп хабарлайды Malim.kz 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Алматылық Нариман Сәндібек – осындай жағдайға тап болғандардың бірі. Ол былтыр Қытайдан BYD Destroyer 05 маркалы гибрид көлігін 7,5 миллион теңгеге сатып алғанын айтады. Көлік кедендік рәсімдеуден заңды түрде өтіп, мемлекеттік нөмір де алған. Алайда бір жылдан кейін оның жеке кәсіпкерлік шоты бұғатталған.
Тұрғынның айтуынша, салық органдарына барған кезде оған көлікке қатысты тағы да 1 миллион теңге көлемінде кедендік төлем төлеу қажет екені айтылған.
Көлік иелерінің сөзінше, мұндай жағдайға тап болғандар саны ел бойынша 5 мыңға жуықтайды. Олар жеңілдікпен рәсімдеу үшін барлық қажетті құжатты өткізіп, арнайы тексерістен өткендерін алға тартады.
Жүргізушілердің айтуынша, көлікке арнайы мамандар тексеру жүргізіп, тиісті рұқсат құжаттарын бергеннен кейін ғана автомобильдер нөлдік кедендік бажбен рәсімделген. Сондықтан олар өздеріне кейіннен қосымша қарыз есептелуін түсінбей отыр.
Ал Мемлекеттік кірістер департаменті бұл мәселеге қатысты басқа ұстаным білдірді. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, үш жылдық кедендік бақылау барысында бірқатар заңбұзушылық белгілері анықталған. Атап айтқанда, кейбір көліктерге кедендік баж төленбеуі үшін тауар коды дұрыс көрсетілмеген деген күдік бар.
Дегенмен көлік иелері бастапқыда мемлекеттік органдардың өздері жеңілдікпен рәсімдеуге рұқсат бергенін айтып, енді шоттарды бұғаттап, қосымша төлем талап ету әділетсіз деп санайды. Олар негізсіз есептелген қарыздарды жойып, бұғатталған шоттарды ашуды талап етуде.