Аягөзде өткен кездесу барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли Қытайдан келетін азаматтар мен инвесторларға қатысты туындаған алаңдаушылыққа түсініктеме берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Тұрғындар қонақүйлер мен қоғамдық орындарда "қытай азаматтары көбейіп кетті" деп шағымданып, олардың аймақта не себепті жиі көрінетінін сұрады.
Әкім бұл мәселеге сезімге берілмей, экономикалық тұрғыдан қараудың маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, шетелдік, соның ішінде қытайлық инвестициядан қорқудың қажеті жоқ, керісінше, оны аймақтың дамуы үшін тиімді пайдаланған жөн.
"Бүгінде әлемнің көп бөлігі Қытайдың инвестициясына мұқтаж. Біз мұндай мүмкіндіктерден өз еркімізбен бас тартпауымыз керек", – деді Берік Уәли.
Әкімнің "егер Қытайдан қорықсақ, айға немесе Марсқа көшіп кетейік" деген сөзі әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті.