Қытайдың оңтүстік-батысында нөсер жауын салдарынан су тасқыны мен лай көшкіні болып, кемінде 10 адам қаза тапты. Тағы 17 адам жарақат алған.
Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасының хабарлауынша, Сычуань провинциясында нөсерден жиналған су салдарынан үйдің шатыры мен қабырғасы опырылып, бес адам көз жұмған. Оқиға балалардың жоғары оқу орнына түсу нәтижелерін атап өту кезінде болған.
Қалған адам өлімі су тасқыны мен лай көшкініне байланысты басқа оқиғалардан тіркелген. Қауіптің күшеюіне байланысты Қытайдың апаттардың алдын алу және зардаптарды жою органдары 21 784 тұрғынды қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Олардың арасында Чэнду мен Цзыгун аймақтарының тұрғындары бар.
Сычуаньде жаңбырдан туындайтын су тасқыны мен геологиялық қауіптерге байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Аймақ билігі халықты алдын ала эвакуациялау, ескерту және қауіпті учаскелерді бақылауға басымдық беріп отыр.
Қытайдың метеорологиялық қызметі тамыздың ортасында елдің бірқатар өңірлерінде жаңбырлы кезең жалғасатынын ескерткен. Сычуань және Қытайдың оңтүстік-батысындағы басқа аудандарда нөсер жауын жер көшкіні, сел және су тасқыны қаупін арттырады.