Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтың қыз ұзату дәстүріне қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол бұрын қыз баланы түс ауғанша ұзатудың өзіндік терең мәні болғанын айтты. Айтбаеваның сөзінше, соңғы жылдары қызды түн ортасында мейрамханадан шығарып салу әдетке айналып барады.
«Қазақ қыз баланы түс ауғанша ұзатқан. Оның өзіндік терең мағынасы бар. Қыз әкесінің босағасынан алғаш рет қонақ ретінде арнайы қонақасын жеп, өз жұртына аттанады. Маңдайы ашық болсын деп, таң нұрына, күн сәулесіне бөленіп, ел-жұртының батасын алып шығады», – деп жазды ол.
Света Айтбаева сондай-ақ өз өңірінде тойдан кейін қыз бен күйеуге, құдаларға арнайы қонақасы берілетінін атап өтті. Бұл дәстүрдің «Қыз – қонақ» деген ұғыммен астасып жатқанын жеткізді.
Желі қолданушылары жазбаға қолдау білдіріп, қазақтың салт-дәстүрін ұмытпау керектігін жазған.