Әнші Жазира Байырбекова қыз баланың отбасындағы және қоғамдағы орны туралы пікір білдірді. Өнер иесі қызды кішкентайынан қадірлеп, құрметтеудің маңызына тоқталған, деп Malim.kz тілшісі Qazaq Today-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Әншінің сөзінше, қыз баланың қадірі тұрмысқа шыққаннан кейін ғана емес, дүниеге келген күннен бастап жоғары болуы керек. Ол бүгінгі қыздың ертең ана, жар және бір әулеттің ұйытқысы болатынын атап өтті.
"Қыз баланың тәрбиесі мен қадірі – бір отбасының емес, тұтас ұлттың тәрбиесі. Қыз баланы төрге шығарып, сол үйдің гүлі, жүрегі, бақыты деп қадірлеген қазақпыз", – дейді Жазира Байырбекова.
Өнер иесі қызды бүгіннен құрметтеу - болашақ ананы және болашақ әулетті құрметтеу екенін жеткізді. Сондай-ақ анасы ардақталған үйде тәрбие, әйелі сыйланған шаңырақта бақыт болатынын айтты.
"Сондықтан қыз баланың қадірі қашанда биік болсын!" – деп түйіндеді әнші.
Желі қолданушылары Жазира Байырбекованың пікірін қолдап, қыз баланы құрметтеу мен дұрыс тәрбие берудің маңызы туралы ойларын жазған.