Malim.kz
Қоғам

Қызылордада қайтыс болған адам емханаға тіркелген

Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласындағы жекеменшік емханаға қатысты ерекше жағдай туралы жазба тарады. Threads қолданушысы 2001 жылы қайтыс болған әкесінің атына 2023 жылдан бастап медициналық ұйымға тіркелу дерегі шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қолданушының айтуынша, ол жағдайды тексеру барысында әкесінің атына Қызылордадағы «ДостарМедLine» жекеменшік клиникасына тіркелген ЖСН дерегін анықтаған.

"2001 жылы қайтыс болған әкем 2023 жылдан бері емханада “тіркеуде” тұр. Жуырда тексерсем, Қызылорда қаласындағы “ДостарМедLine” жекеменшік клиникасы әкемнің атына ашылған ЖСН-ді тауып алып, оны 2023 жылдан бастап өз емханаларына заңсыз тіркеп қойған", - деп жазды ол.

Автордың сөзінше, емханаға хабарласқан кезде оған бұл тіркеу еркін тіркелу науқаны кезінде жасалғаны және адамның 2023 жылдан бері медициналық ұйымға келмегені айтылған.

Сонымен қатар ол клиника өкілдері әкесінің 2023 жылы электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы тіркелгенін жеткізгенін мәлімдеді. Осыған байланысты жазба авторы 2001 жылы қайтыс болған адамның 2023 жылы ЭЦҚ-ны қалай пайдалануы мүмкін деген сұрақ көтерді.

Ол құзырлы органдардан аталған деректі тексеріп, әкесінің атына ЭЦҚ кілтінің кім тарапынан және қандай компьютерден немесе IP-мекенжайдан рәсімделгенін анықтауды сұрады. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, Бас прокуратураға және өзге де мемлекеттік органдарға үндеу жолдады.

Жазба астындағы пікірлерде басқа қолданушылар да осыған ұқсас жағдайға тап болғанын мәлімдеген. Бір пікір иесі өзінің басқа емханада тіркеліп тұрғанына қарамастан, деректері аталған клиникаға ауыстырылғанын жазды.

Тағы бір қолданушы өзін осы клиниканың бұрынғы қызметкері ретінде таныстырып, қызметкерлерге күніне кемінде бес адамды тіркеу тапсырылғанын алға тартты. Оның айтуынша, медициналық ұйымға тіркелген әр адам үшін мемлекеттік қаржыландыру қарастырылған. Алайда бұл пікірдегі мәліметтер ресми түрде расталған жоқ.

Әзірге әлеуметтік желіде айтылған айыптауларға қатысты "ДостарМедLine" клиникасының және жауапты мемлекеттік органдардың ресми түсініктемесі жарияланғаны туралы ақпарат жоқ.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары