Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов Қызылордадағы арбат бойына орнатылған жаңажылдық шырша шамын жағу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Malim.kz.
Аймақ басшысы тұрғындарды алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Бірнеше күннен соң тарих қойнауына енетін 2025 жыл өңіріміз үшін аса маңызды оқиғаларға толы болды. Қазан айында Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, жаңадан салынған әлеуметтік,өндірістік нысандарға, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылордада ашылатынын жеткізді. Бұл бастаманы жерлестеріміз зор қуанышпен қабылдады. Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауымен Қызылорда облысының экономикасын әртараптандыруға, тұрғындарымыздың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған серпінді жобалар жалғасын тапты. Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты.Өткен 11 айдың қорытындысымен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Аймақ бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңге болып, 2021 жылдан бері 246 пайыз өсті. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд. теңге болса, биыл 207 млрд. теңгеге жетіп, 4,4 есе артты. Бұл қаражат тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамтуға, инфрақұрылымды қайта жаңғыртуға бағытталуда. Алдағы жылға да ауқымды жобаларымыз жетерлік. Енді аз күнде мәресіне жететін өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Алдымызда айқын міндет, анық жоспарымыз бар. Еліміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!», – деді Н.Нәлібаев.
Жаңажылдық шырша шамын жағу құрметі облыс әкіміне және өнер, білім, спорт саласының үздіктеріне берілді.
Мерекелік іс-шара көңілді концертке ұласып, жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.