Malim.kz
Қоғам

Қызылордада «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатысуымен экологиялық сенбілік өтті

Арман Қайыпхан
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қорқыт ата аллеясында сенбілікке қатысып жатқан «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздарымен кездесті, деп хабарлайды Malim.kz.

Аймақ басшысы табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау өркениетті қоғамның басты құндылықтарының бірі екенін атап өтті.

«Жасыл ел» жобасының жастарды еңбекке баулып, елжандылық пен қоғамдық жауапкершілікті қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

Сенбілік барысында облыс әкімі жастармен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Өткен жылы «Жасыл ел» жасақтарының қатысуымен өңірде 118 саябақ, сквер, аллея және қоғамдық демалыс орны көгалдандырылып, 12 гектар аумақ тұрмыстық қалдықтан тазартылған. Биыл бұл жұмысқа 1200-ден астам жас қатысып жатыр.

Сонымен қатар, облыс әкімі «КБИ», «Бәйтерек» шағын аудандары мен Жаппасбай батыр көшесіндегі тазалық, абаттандыру және балалар ойын алаңдарының жағдайын тексерді. Сағымбаев көшесін қайта жаңғырту жұмыстарын көріп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары