Қызылорда қаласында «Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз» мерекесі биыл ерекше форматта атап өтілуде, деп хабарлайды Malim.kz.
Дәстүр мен технология үйлесім тапқан «Digital Nauryz» аясында қала тұрғындары мен қонақтарына заманауи жобалар таныстырылып, мерекелік мазмұн жаңа деңгейде ұсынылды.
Мерекелік бағдарлама аясында «Цифрлық киіз үй» тігіліп, ұлттық құндылықтар мен цифрлық инновациялар, робототехника, заманауи технологиялар көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары да тың бастамаларымен ерекшеленді. Қызылордалық тәртіп сақшылары ұлттық нақыштағы, бірақ мазмұны цифрлық жаңалықтарға толы «Қауіпсіз қала» атты киіз үй тігіп, оны заманауи қауіпсіздік технологияларымен толықтырды. Бұл «Қауіпсіз қала киіз үйі» тұрғындарға полиция қызметінің жаңа мүмкіндіктерін көрсететін ерекше алаңға айналды.
Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған жаңашылдықтардың бірі – «Қорғанбек» робот-полицейі болды.
Заманауи құрылғы тұрғындармен интерактивті байланыс орнатып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі цифрлық мүмкіндіктерді көрсетті. Роботтың қызметі полиция жұмысын автоматтандыру мен тиімділікті арттырудағы маңызды қадамдардың бірі екені байқалды.