Ресей әскері Украинаның Харьков облысындағы Купянск қаласын бақылауға алды. Бұл туралы 20 қараша, бейсенбі күні Ресей Қарулы күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимов Владимир Путиннің «Батыс» тобындағы бір командалық пунктке барған кезінде хабарлады, деп хабарлайды Malim.kz.
Герасимовтың айтуынша, Ресей армиясының бақылауында Харьков облысындағы Волчанск аумағының 80 пайыздан астамы және Донецк облысындағы Покровск аумағының 70 пайызы бар.
Украина тарапы бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірмеді.
Путин өз кезегінде Купянск маңында Украина Қарулы күштерінің 15 батальоны қоршауда қалғанын айтты.
Оның сөзінше, қақтығыс қазір Донецк облысындағы Константиновка қаласында да жүріп жатыр.
2022 жылғы 24 ақпанда басталған кең көлемді соғысқа дейін Купянскіде шамамен 27 мың адам тұрған. Ал жақын маңдағы ауылдар мен кенттерді қосқанда халық саны 56 мыңға жуық болған.
2022 жылғы 27 ақпанда Ресей әскері қаланы басып алған, алайда сол жылы қыркүйекте Украина оны қайта бақылауына қайтарды.
Купянск маңындағы шайқастар 2023 жылдың жазында қайта күшейді. Сол кезде бірқатар елді мекендерде тұрғындарды міндетті түрде эвакуациялау басталған.
Ал 2025 жылдың ақпанында Купянск қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Андрей Беседин қаладағы жағдайдың өте күрделі екенін мәлімдеп, ол кезде қалада 3,1 мың тұрғын қалғанын айтты.
2025 жылдың қыркүйегінде Купянскіге бейбіт тұрғындардың кіруіне тыйым салынды. Ал қазанда Украина билігі қала маңындағы ондаған ауылдан, шайқас жүріп жатқан аймақтардан, отбасыларды эвакуациялауды бастады.