Malim.kz
Әлем

Ресейлік генералға қастандық: ФСБ Украина мен Польшаны айыптады

Арман Қайыпхан
Фото: RUSSIAN FEDERAL SECURITY SERVICE/TASS

Ресейдің арнайы қызметтері Мәскеуде әскери барлау өкілі, генерал Владимир Алексеевке жасалған қастандықтың жолы кесілгенін мәлімдеп, қылмыстың артында украин арнайы қызметтері польша тарапының жәрдемімен тұр деп отыр, деп хабарлайды Malim.kz «Интерфакс» агенттігіне сілтеме жасап.

ФСБ нұсқасы: СБУ тапсырмасы және польша тарапының қатысуы

Қастандыққа қатысы бар деген күдікпен бір күн бұрын екі Ресей азаматы — 1960 жылы туған Любомир Корба мен 1959 жылы туған Виктор Васин ұсталған. Корба Біріккен Араб Әмірліктерінде, Васин Мәскеуде қолға түскен. ФСБ Қоғамдық байланыстар орталығының хабарлауынша, екеуі де кінәсін мойындап, қастандықты дайындау бойынша айғақ берген.

Арнайы қызметтің дерегінше, тікелей орындаушы Корба болған, ал Васин оған көмек көрсеткен. ФСБ мәліметі бойынша, Корба 2025 жылдың тамызында Тернополь қаласында Украина Қауіпсіздік қызметінің қызметкері тарапынан вербовка жасалған. Кейін ол Киевтегі полигонда атыс дайындығынан өткен, полиграфтан тексерілген және байланыс тәсілдері бойынша нұсқау алған. Ресей аумағына Киев – Кишинев – Тбилиси – Мәскеу бағытымен жеткізілген.

Сонымен қатар, ФСБ «польша арнайы қызметтерінің жәрдемі болғанын» мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, вербовкаға Любомир Корбаның ұлы — Польша азаматы, Катовице қаласында тұратын Любош Корба қатысқан. Қастандықтан кейін ресейлік ресми тұлғалар «польша ізі» туралы осы нұсқаны алға тартып отыр.

Қазіргі уақытта Польша мен Украина тарапынан ресми реакция болған жоқ. dpa агенттігі СБУ мен польша тарабына тағылған негізгі айыптаулардың барлығы ресейлік күштік құрылымдардан шыққанын және тәуелсіз түрде расталмағанын атап өтеді.

Шабуылды дайындау

ФСБ деректеріне сәйкес, Корба бірнеше ай бойы Мәскеу өңірінде жоғары лауазымды ресейлік әскери қызметкерлерді бақылап, ай сайын криптовалюта түрінде сыйақы алып отырған. Айтуларынша, ол Мәскеу облысындағы жасырын орыннан дыбыс өшіргіші бар Макаров тапаншасын және оқ-дәрілер алған.

ФСБ нұсқасы бойынша, генерал Алексеев тұрған подъездің электронды кілтін Корбаға 2020 жылы Ресей азаматтығын алған, Луганск облысының тумасы Зинаида Серебрицкая берген. Арнайы қызметтің бұрын хабарлауынша, ол сол үйден пәтер жалдап тұрған және Алексеевке жасалған қастандықтан бір күн бұрын Ресейден кеткен.

Қастандық күні Корба подъезге кіріп, лифт маңында генералды күтіп тұрған және оған төрт рет оқ атқан. Одан кейін қару мен рюкзақты тастап, киімін ауыстырып, Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып кеткен. Сол жерде ол ресейлік тараптың сұрауы бойынша ұсталған.

ФСБ мәліметінше, қылмыс сәтті жүзеге асқан жағдайда СБУ орындаушыға 30 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы уәде еткен.

Айыпталушылардың айғақтары

ФСБ Қоғамдық байланыстар орталығы таратқан видеода Любомир Корба желтоқсан айында Алексеевті жою туралы тапсырма алғанын айтады. Оның сөзінше, ол Мәскеуге телефон арқылы мәлімет алып отырған «нысандар мен адамдарды» бақылау үшін келген және ай сайын шамамен екі мың доллар алған.

ФСБ дерегіне сәйкес, Виктор Васин жасырын тұруға арналған тұрғын үйді жалдауға көмектескен және көлікпен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ, арнайы қызмет Васиннің оппозициялық көзқарасты ұстанғанын және Ресейде экстремистік әрі террористік деп танылған ұйымдармен байланысы болғанын мәлімдеді.

Қастандықтың мән-жайы

Генерал-лейтенант Владимир Алексеевке жасалған қастандық 6 ақпанда оның Мәскеудегі Волоколамск тасжолында орналасқан үйінде болған. РФ Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренконың айтуынша, белгісіз адам әскери қызметкерге бірнеше рет оқ атқан.

Алексеев ауруханаға жеткізіліп, адам өлтіруге оқталу және атыс қаруын заңсыз айналымға енгізу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейін ресейлік БАҚ медициналық дереккөздерге сілтеме жасап, генералдың есін жиғанын хабарлады.

Алексеев 64 жаста. Ол РФ Қарулы күштері Бас штабының Бас басқармасы (ГРУ) бастығы Игорь Костюковтың бірінші орынбасары қызметін атқарады.

Бұған дейін жарияланған зерттеулер мен БАҚ материалдарында Алексеевтің Украинадағы «Вагнер» ЖӘК қызметін үйлестіруге, сондай-ақ Ресей әскери барлауының Сириядағы операцияларына қатысы бар екені айтылған. Костюков жуырда Украинадағы соғысты реттеуге бағытталған Абу-Дабидегі келіссөздерде РФ делегациясын басқарған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары