Malim.kz
Әлем

Ресей Киевке жаппай шабуыл жасады

Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Ресей әскері 1 қыркүйекке қараған түні Киев пен оның маңындағы елді мекендерге зымырандар және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жаппай шабуыл жасады. Салдарынан кемінде 10 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды,, деп хабарлайды Malim.kz, Euronews-ке сілтеме жасап.
 

Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың мәліметінше, өңірге түн ішінде зымырандар мен соққы жасайтын дрондар бағытталған.

Украина Әуе күштері Ресейдің «Искандер-М», KN-23, С-400 баллистикалық зымырандарын, «Циркон» кемеге қарсы зымырандарын, «Калибр» қанатты зымырандарын, Х-31П зымырандарын, сондай-ақ «Бандероль» үлгісіндегі және басқа да 218 ұшқышсыз аппаратты қолданғанын мәлімдеді.

Киев тұрғындары дүйсенбі кешінен сейсенбінің алғашқы сағаттарына дейін оннан астам қатты жарылыс естігенін айтқан. Бұған дейін Украина Әуе күштері ел астанасына баллистикалық зымырандардың жақындап келе жатқанын ескерткен.

Шабуыл кезінде «Укрзалізниця» компаниясының теміржол депосына да соққы жасалды. Компания басшысы Александр Перцовскийдің айтуынша, алты қызметкер қаза тауып, тағы бір адам зардап шеккен. Нысанның бір бөлігі қирап, өрт шыққан.

Киевтің шығысындағы Борисполь қаласында да адам шығыны тіркелді. Тимур Ткаченконың мәліметінше, кемінде төрт адам қаза тауып, 13 адам жараланған. Снарядтардың бірі бес қабатты тұрғын үйге түскен.

Сондай-ақ 11 жеке тұрғын үй, кәсіпорын, дүкен, автокөліктер, қоймалар мен жанармай құю бекеті зақымданған.

Түнде Одессада да бірнеше рет жарылыс болған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қалаға дрондар, зымырандар және басқарылатын авиациялық бомбалармен шабуыл жасалған.

Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Лысак инфрақұрылым нысандары зақымданғанын мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.

Бұдан бөлек, Украина мен Румыния шекарасындағы «Орловка» өткізу бекетіне «Шахед» үлгісіндегі дрондармен шабуыл жасалды. Өрттің шығуына байланысты бекеттің жұмысы уақытша тоқтатылған.

Украина Әуе күштері Киев пен облыс аумағында баллистикалық және басқа да қаруларды қолдану қаупі әлі сақталып отырғанын ескертіп, тұрғындарды дабыл аяқталғанша қауіпсіз жерде болуға шақырды.

1 қыркүйекте Украинада оқушылар жаңа оқу жылын бастаған. Осыған байланысты Киев облысының билігі қауіп деңгейі жоғары аудандарда адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізбеуге кеңес берді.

Соңғы апталарда Киев пен оған жақын аудандар әуе шабуылдарына жиі ұшырап келеді. Украина тарапы Ресейдің реактивті дрондарды белсенді қолдана бастағанын, соның салдарынан кей күндері әуе дабылы бірнеше рет жарияланатынын айтады.

Өткен демалыс күндері Киев маңындағы оқ-дәрі қоймасына жасалған шабуыл кезінде 38 адамның қаза тапқаны хабарланған.

Осы уақытта Украина қарулы күштері Ресейдің Ленинград облысындағы Балтық теңізінің ең ірі порттарының бірі — Усть-Лугаға тағы да дрондармен шабуыл жасады.

Ленинград облысының губернаторы аймақта 52 дронның атып түсірілгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, порт аумағында бірқатар нысан зақымданып, өрт шыққан.

Соңғы айларда екі тарап та алыс қашықтыққа соққы жасау қарқынын күшейтті. Шабуылдар кезінде қоймалар, кәсіпорындар, мұнай және порт инфрақұрылымы, сондай-ақ кемелер нысанаға алынып жүр.

Украина билігі әуе қорғанысына арналған зымырандардың, әсіресе баллистикалық қауіпке қарсы қолданылатын америкалық Patriot жүйесіне арналған зымырандардың қатты жетіспейтінін айтып келеді. Киев одақтастарын әуе қорғанысын күшейту үшін қосымша көмек беруге шақырды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары