Malim.kz
Әлем

"Ресей өздерінің бір бөлігі болған Украинаны, Қазақстанды және Кавказды беріп қойды" – Путин

Қайсар Қанат
t.me/news_kremlin. Суретте: Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың сол кездегі басшысы Джордж Бушпен 2001, 2005 және 2008 жылдары өткен келіссөздер барысында Ресейдің Украина, Қазақстан және Кавказ аймақтарын әлдекімдерге беріп қойғанын айтқан, деп Malim.kz тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған құжаттарды АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университеті жанындағы Ұлттық қауіпсіздік мұрағаты өз сайтында жариялаған. Материалдарға қарағанда, Путин Бушпен алғашқы кездесуінде-ақ Ресейдің "мыңдаған шақырым аумақты өз қалауымен беріп қойғанын" айтып, бұл жағдайды тарихи тұрғыдан негіздеуге тырысқан. Сонымен қатар ол НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне қарсылық білдірген.

Стенограммада екі көшбасшы да бір-біріне достық пейіл танытып, Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынасты сақтауға мүдделі екендерін көрсеткені айтылады. Дегенмен Путин өз ұстанымын дәлелдеу үшін тарихқа жиі жүгінген.

"Ресейліктер мыңдаған шаршы километр аумақты өз еркімен беріп қойды. Бұл – ақылға сыймайтын жағдай. Ғасырлар бойы Ресейдің бір бөлігі болған Украинаны берді. Қазақстанды берді. Кавказды да берді. Мұның бәрін партия басшылары жасады", – деген Путин 2001 жылдың жазында Бушпен әңгіме барысында.

Сондай-ақ құжаттарда Кремль басшысының Украина мәселесіне қатысты көзқарасы да аңғарылады. Путин Украинаның Солтүстік Атлантикалық альянсқа мүшелігіне қарсы екенін жасырмай, мұның Батыс үшін саяси мәнін күмәнмен қабылдайтынын жеткізген.

"Украинаның НАТО-ға мүшелігі АҚШ пен альянсқа нақты қандай пайда әкеледі? Мұның жалғыз себебі – Украинаны Батыс әлемінің бір бөлігі ретінде бекіту. Бірақ мен мұндай логиканы дұрыс деп есептемеймін", – деген ол.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары