Malim.kz
Әлем

Ресей Покровск пен Волчанскіні басып алғанын мәлімдеді

Арман Қайыпхан
Фото: REUTERS

Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Бас штабының бастығы Валерий Герасимов Донецк және Харьков облыстарындағы Покровск пен Волчанск қалалары Ресей әскері тарапынан басып алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы ол 30 қарашада Украинадағы соғысқа қатысып жатқан РФ Біріккен әскер топтастығының басқару пункттерінің біріне жасаған сапары кезінде Ресей президенті Владимир Путинге баяндаған. Герасимовтың Путинге жасаған баяндамасы жайлы ақпаратты 1 желтоқсанда президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков таратты.

Кремль сайтында хабарланғандай, «Орталық» және «Шығыс» әскери топтарының командирлері Валерий Солодчук пен Андрей Иванаев Донецк облысындағы Мирноград қаласының оңтүстік бөлігін бақылауға алғандарын және Запорожье облысындағы Гуляйполе қаласын басып алу операциясы басталғанын Путинге жеткізді.

Украина Қарулы күштері: Покровск үшін шайқас жалғасып жатыр

Ал Украина Қарулы күштері Бас штабы күнделікті кешкі есебінде Покровск бағытында әлі де ұрыстар жүріп жатқанын хабарлады.

«Тәулік ішінде агрессор Новое Шахово, Дорожное, Никаноровка, Белицкое, Шахово, Родинское, Мирноград, Новоекономическое, Ровно, Покровск, Зверовое, Котлино, Удачное, Молодецкое, Новоподгородное, Филия елді мекендері маңында және Гришино бағытында 49 шабуыл және ұмтылыс жасады. Қазір бес локацияда ұрыс жүріп жатыр», – делінген украин командасының хабарламасында.

Есепте Волчанск маңындағы шайқастар да аталған. Алайда Украина әскерінің жаңа позицияларға шегінгені туралы мәлімет берілмеген.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары