Malim.kz
Экология

Ресей Қазақстанға 4 амур жолбарысын беруді жоспарлап отыр

Арман Қайыпхан
Фото: amur-tiger.ru

2026 жылдың көктемінде Ресейден Қазақстанға төрт амур жолбарысын жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Malim.kz «ТАСС» агенттігіне сілтеме жасап.

«Төрт амур жолбарысы Ресейден Қазақстан Республикасына беріледі, жануарларды тасымалдау 2026 жылдың көктеміне жоспарланған. Бұл туралы ТАСС агенттігіне “Амур жолбарысы” орталығының директоры Сергей Арамилев хабарлады», — делінген ақпаратта.

Жолбарыстарды беру Қазақстанда амур жолбарысын интродукциялау жөніндегі халықаралық бағдарлама аясында жүзеге асады. Аталған бастаманы «Амурский тигр» орталығы қолдайды.

Амур жолбарыстары кезінде Орталық Азия аумағын мекендеген туран жолбарыстарының ең жақын туыстары саналады.

Қазақстанда олар 1948 жылға қарай жойылып кеткен. Бағдарлама аясында республикада бұл жануарлардың популяциясын қалпына келтіру жоспарланып отыр.

«Жөнелтуге қатысты соңғы дайындықтар жүргізіліп жатыр. Жабайы жолбарыстармен жұмыс істеуді үйрену үшін Қазақстанның табиғатты қорғау ведомстволарының өкілдері Хабаровскіге келді. Оқыту — амур жолбарысының төрт дарасын Қазақстан Республикасына жіберу алдындағы соңғы кезеңдердің бірі. Сирек жануарларды тасымалдау 2026 жылдың көктемінде жүзеге асырылады», — деді Арамилев.

Оның айтуынша, жолбарыстар әртүрлі жынысты және әртүрлі жаста болады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары