Malim.kz
Әлем

Ресей шабуылы: Запорожьеде өрт шықты, аудандардың бірі жарықсыз қалды

Арман Қайыпхан
Фото: REUTERS

Ресей қарулы күштерінің шабуылынан кейін Запорожье қаласының бір ауданы электр жарығынсыз қалды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.

Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Иван Федоровтың айтуынша, 7 маусымға қараған түні Ресей әскері жасаған соққы салдарынан қалада өрт шыққан. Оқиға орнына шұғыл қызмет өкілдері жіберілді.

Шабуылдың салдарынан қаланың бір ауданы электр қуатын ішінара жоғалтқан. Қазіргі уақытта энергетик мамандар тұрғындарды қайта жарықпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Түні бойы жергілікті билік Запорожье облысына басқарылатын авиациялық бомбалар мен баллистикалық зымырандар арқылы соққы жасалуы мүмкін екенін ескерткен.

Бұған дейін, 4 маусым күні Ресей әскері Запорожьенің тұрғын ауданын дрондармен шабуылдаған болатын. Салдарынан көпқабатты тұрғын үй мен оның маңындағы көліктер зақымданды.

Дрон шабуылы кезінде 44 жастағы әйел қаза тауып, тағы 16 адам түрлі деңгейде жарақат алған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары