Malim.kz
Әлем

Ресей шетелдегі азаматтарын қорғау үшін әскер кіргізетін заң қабылдады

Айбын Атабай
Ресей госдумасы

Ресейдің Мемлекеттік думасы бірінші оқылымда президенттің шешімі бойынша шетелде сот қудалауына ұшыраған ресейліктерді қорғау үшін қарулы күштерді пайдалануға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады. Бұл туралы парламенттің төменгі палатасының сайтында сейсенбі, 14 сәуірде хабарланды.

Заң жобасына 413 депутат дауыс берді, қарсы немесе қалыс қалғандар болған жоқ. Заңға енгізілетін түзетулер Ресей президентіне «экстерриториялық қолдану» құқығын беруді ұсынады, яғни Ресей қатыспайтын шетелдік соттардың немесе халықаралық сот органдарының шешімдері бойынша қамауға алынған, ұсталған немесе қылмыстық не басқа да қудалауға ұшыраған Ресей азаматтарын қорғау үшін қарулы күштерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Заң жобасын Қорғаныс министрлігі дайындаған және ол тек Ресей қатыспайтын әрі оның құзыреті Ресеймен жасалған халықаралық келісімге немесе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына негізделмеген соттардың әрекеттеріне ғана қатысты қолданылады.

Түзетулер қолданыстағы заңды қайталайды

Сонымен қатар, түсіндірме жазбада бастаманың авторлары «Қауіпсіздік туралы» федералдық заңда президенттің Ресей азаматтарын қорғау міндеті бұрыннан қарастырылғанын мойындайды. Ұсынылып отырған өзгерістер осы норманы «дамыту мақсатында» енгізілуде делінген құжатта. Мұндай шараларға нақты қандай жағдайлар әкелуі мүмкін екені авторлар тарапынан нақтыланбаған.

РБК агенттігі сұхбат алған заңгерлер бұл бастама жекелеген мемлекеттер немесе халықаралық бірлестіктер бастамасымен құрылатын трибуналдарға қатысты болуы мүмкін деп болжады. Ал «Коммерсант» басылымы сұрастырған сарапшылар бұл «көлеңкелі флот» кемелерін қорғауды заң жүзінде рәсімдеуге қатысты болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары