Malim.kz
Әлем

Ресей соты Telegram мен WhatsApp-қа қойылған шектеулерге қарсы берілген талап-арызды қабылдамады

Айбын Атабай

Таганский аудандық соты Ресейде Telegram мен WhatsApp-тың жұмысына қойылған шектеулерді заңсыз деп тануды талап еткен арыз бойынша сот талқылауын тоқтатты. Бұл туралы дүйсенбі, 29 желтоқсанда Мәскеу қаласының жалпы юрисдикция соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланды.

Шешімді судья Маргарита Кунингас шығарды. Оны бұл қызметке 2025 жылдың қазан айында Владимир Путин тағайындаған.

Сот: Ресей азаматтары Telegram мен WhatsApp-ты қорғауға «өкілетті емес»

Кунингас бұл істі бір аптаға жетпей қарады. Талап-арыз 24 желтоқсанда өндіріске қабылданған. Оны Роскомнадзор мен РФ Цифрлық даму министрлігіне қарсы Калуга қаласының жас белсендісі Константин Ларионов бастаған 105 ресейлік азамат берген.

«Талапкердің Telegram мен WhatsApp ақпараттық ресурстары иелерінің құқықтарын қорғау үшін талап-арыз беруге өкілетті екенін дәлелдейтін айғақтар ұсынылмады», – деп судья істі тоқтатудың себебін түсіндірді.

Сотта WhatsApp-тың АҚШ-та тіркелген Meta Platforms корпорациясына тиесілі екені еске салынды. Бұл корпорацияны РФ билігі «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. Үкімге 13 күн ішінде Мәскеу қалалық сотына шағымдануға болады.

Ресейдегі Telegram мен WhatsApp-қа қойылған шектеулер

Ресейде WhatsApp пен Telegram-дың жұмысы тамыз айынан бастап белсенді түрде бұғатталып келеді. Сол кезден бастап РФ пайдаланушыларының басым бөлігі бұл сервистер арқылы қоңырау шалу мүмкіндігінен айырылды. 28 қарашада Роскомнадзор WhatsApp Ресей заңдарының талаптарын орындамаса, яғни құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық орнатпаса, толықтай бұғатталатынын ескерткен.

22 желтоқсаннан бастап РФ қолданушылары WhatsApp-тағы мәселелердің күшейгеніне шағымдана бастады. РБК дереккөзіне сүйенсек, Роскомнадзор оның жұмысын 70–80 пайызға дейін баяулатқан.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары