Malim.kz
Әлем

Ресей үкіметі «достық қарым-қатынасты үзген» елдерден келетін телефон қоңырауларын бұғаттап жатыр

Айбын Атабай
Alexander Kazakov/Kremlin/ZUMA Press/IMAGO

Ресей үкіметі «достық қарым-қатынасты үзген» елдерден келетін телефон қоңырауларын бұғаттау тетіктерін енгізумен айналысып жатыр. Бұл туралы, сондай-ақ телефондық алаяқтықпен күрес аясында қабылданып жатқан басқа да шаралар жөнінде Ресей президенті Владимир Путин 9 желтоқсан, сейсенбі күні Адам құқықтары жөніндегі кеңес (АҚК) мүшелерімен өткен кездесуде мәлімдеді.

Видеоконференция режимінде сөйлеген Путин АҚК бұған дейін ұсынған «телефон және интернет алаяқтығымен күреске бағытталған нақты шешімдердің» қатарында «қылмыстық мақсатта жүзеге асырылатын, достықсыз елдердің аумағынан түсетін қоңырауларды бұғаттау», сондай-ақ қоңырауларды арнайы белгілеп көрсету (маркировка) жүйесін атады. Оның айтуынша, бұл ұсыныстардың барлығы «ескеріліп, үкімет тарапынан енгізіліп жатыр».

Путиннің сөзінше, «цифрлық ортада азаматтарды қорғауға» арналған бірінші пакет қабылданған, ал екінші пакет әзірленіп, талқылаудан және келісуден өтуде. Жуық арада үшінші пакет те жоспарланып отыр.

Осыған ұқсас шараларды сол күні үкімет аппаратының жетекшісі — вице-премьер Дмитрий Григоренко да айтып өтті. Оның сөзін ТАСС агенттігі таратты.

Шетелден келетін қоңырауларды «абоненттің рұқсатынсыз» тыйым салу жоспарлануда

Григоренконың айтуынша, шамамен жиырма ұсыныстың ішінде халықаралық кіріс қоңырауларына «абоненттің келісімінсіз» тыйым салу және оларды міндетті түрде арнайы белгілеу қарастырылып отыр. Сондай-ақ ата-аналарға қосымша өтінішсіз баланы қажетсіз контенттен қорғауға мүмкіндік беретін «балаларға арналған SIM-карталарды» енгізу жоспарланған.

Соңғы айларда мемлекеттік «Max» мессенджерін ілгерілету аясында ресейлік билік мессенджерлер мен басқа да онлайн-қызметтерге, сондай-ақ телефон байланысына қатысты шектеулерді біртіндеп күшейтіп келеді. Мәселен, тамыз айында Ресейде WhatsApp пен Telegram арқылы қоңырау шалу шектелді. Осыдан кейін Мемлекеттік дума кейбір алаяқтар стационарлық телефондарға көшкенін айтып, олармен күрес аясында халықаралық стационарлық байланысты бұғаттау идеясын қарастыруды ұсынды.

Желтоқсан басында Роскомнадзор Apple компаниясының FaceTime бейнеқоңырау қызметін бұғаттағаны белгілі болды. Бұл әрекет «қызмет қылмыстық мақсатта қолданылып жатыр» деген уәжбен түсіндірілді. Қараша айында Ресейдің цифрлық даму министрлігі шетелден оралған азаматтарға тәулігіне мобильді интернет пен SMS жіберуді уақытша бұғаттайтынын хабарлаған еді.

Ресей билігінің «достықсыз» елдер тізімінің соңғы нұсқасында 47 мемлекет пен территория бар. Олардың ішінде Еуроодақ елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Норвегия, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Оңтүстік Корея, Украина және Черногория аталады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары