Ресей 29 сәуір, сәрсенбіге қараған түні Украинаға 171 соққы беретін дронмен және басқа да ұшқышсыз аппараттармен шабуыл жасады. Украина Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы бөлімшелері елдің солтүстігі, оңтүстігі және шығысында 154 дронды атып түсіріп немесе басып тастай алды, деп хабарлады Әуе күштері Telegram-арнасында.
«10 жерде 12 соққы беретін БПЛА-ның түсуі тіркелді, сондай-ақ атып түсірілген дрондардың сынықтары 12 жерде құлады», – делінген хабарламада. РФ-тың әуе шабуылы жалғасуда, Украина аспанында ресейлік дрондар әлі де бар, деп ескертті Әуе күштері.
Шосткада бір адам қаза тапты
Сумы облысының Шостка қаласында Ресейдің ракета және дрон соққылары салдарынан 65 жастағы әйел қаза тауып, тағы екі адам жарақат алды. Сумы облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Григоровтың айтуынша, ресейліктер «азаматтық тұрғындар тұратын үйлерді әдейі нысанаға алған», соның салдарынан тұрғын секторда ауқымды өрттер шыққан. Сонымен қатар, РФ Қарулы күштері Одесса облысының оңтүстік аудандарына жаппай соққы берді. Соның нәтижесінде аудандық аурухана мен тұрғын үйлер айтарлықтай зақымданып, Дунай биосфералық қорығында қайтадан өрт шықты, деп хабарлады Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипер.
«Қабылдау бөлімі толықтай қираған. Терапия, кардиология және хирургия бөлімдері, сондай-ақ УДЗ, рентген кабинеттері және басқа да бөлімдер айтарлықтай зақымданды», – деп жазды ол. Оның айтуынша, 47 жастағы ер адам мен 56 жастағы әйел зардап шеккен, әйел ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Ауруханаға жасалған соққы кезінде ешкім зардап шеккен жоқ, себебі қызметкерлер мен науқастар жасырын жерде болған.
Ресей Херсондағы жанармай бекетіне және Краматорскідегі тоғыз қабатты үйге шабуыл жасады
Украина ТЖҚ мәліметінше, ресейлік дрон Херсондағы жанармай құю бекетіне шабуыл жасап, соның салдарынан газ цистернасы, жанармай колонкасы және жеңіл автокөлік өртенген. Өрт сөндірілді, бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ.
Донецк облысының Краматорск қаласында ресейлік дронның тұрғын тоғыз қабатты үйге соққы беруі салдарынан бір әйел жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады Украина ТЖҚ.