Malim.kz
Әлем

Ресей Украинаға қаза тапқан 1000 украиналық сарбаздың мәйітін тапсырды

Арман Қайыпхан
Фото: Official Telegram channel of top Russian negotiator and Kremlin aide Vladimir Medinsky @vr_medinskiy/AFP

Ресей мен Украина қаза тапқан әскери қызметкерлердің мәйіттерін алмастырудың кезекті кезеңін өткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Украинадағы әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабы 19 желтоқсан, жұма күні Украинаға ресейлік тараптың мәліметінше Украина Қарулы күштеріне тиесілі 1003 мәйіттің қайтарылғанын хабарлады.

Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский Стамбұлда қол жеткізілген келісімдер аясында Киевке қаза тапқан 1000 украин әскери қызметкерінің мәйіті тапсырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, алмасу барысында Ресей тарапы өз кезегінде қаза тапқан 26 ресейлік әскери қызметкердің мәйітін қайтарып алған.

Екі тараптың хабарлауынша, алмасу Халықаралық Қызыл Крест комитеті-нің араағайындығымен жүзеге асқан.

Еске салайық, мамыр айында Ресей мен Украина делегациялары Стамбул қаласында соңғы үш жылға жуық уақыттан бергі алғашқы тікелей келіссөздерді өткізген еді. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар ауыр жараланған әскери қызметкерлерді, 18 бен 25 жас аралығындағы тұтқындарды, сондай-ақ қаза тапқандардың мәйіттерін алмасу жөнінде уағдаласты.

Осы келісімдерден бері тараптар бірнеше рет осындай алмасулар өткізді, оның ішінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің мәйіттерін қайтару да бар.

Украина тарапы бұған дейін бірнеше рет Ресей тапсырған мәйіттердің көбінде зақымдардың бар екенін, бұл сәйкестендіру процесін қиындататынын мәлімдеген. Сондай-ақ Украинаға кей жағдайларда украиндық емес, ресейлік әскери қызметкерлердің мәйіттері берілгені де хабарланған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары