Malim.kz
Әлем

Ресей Украинаға зымыранмен және 200-ден астам дронмен шабуыл жасады

Айбын Атабай
State Emergency Service of Ukraine/Handout/REUTERS

Ресей әскерлері 29 мамыр, жұмаға қараған түні Украинаның бірқатар өңірлеріне кезекті жаппай шабуыл жасады.

Украина Қарулы күштері Әуе күштерінің Telegram-дағы мәліметіне сәйкес, елдің солтүстік, оңтүстік және шығыс аймақтарына «Искандер-М» баллистикалық зымыраны, сондай-ақ Орел, Брянск, Курск, Миллерово, Приморск-Ахтарск және аннексияланған Қырымдағы Гвардейское мүйісінен ұшырылған 232 Shahed, «Гербера», «Италмас» және «Пародия» атты жалған дрондармен соққы жасалған.

Украина Әуе күштерінің дерегінше, әуе қорғанысы күштері 217 ұшқышсыз аппараттың шабуылын тойтарған.
«Баллистикалық зымыран мен 14 шабуылдаушы БПЛА-ның 14 жерде нысанаға тигені, сондай-ақ атып түсірілген дрондардың сынықтары 7 жерде құлағаны тіркелді», — делінген хабарламада.
Зымыранның нақты қай жерге түскені нақтыланбаған. Күнделікті мәлімет жарияланғаннан кейін де Ресей шабуылы жалғасқан.

Одесса облысында шамамен 4000 абонент жарықсыз қалды

Ресейдің жаппай дрон шабуылына, соның ішінде, Одесса облысы да қайтадан ұшырады. Облыстық әскери әкімшілік басшысы Олег Кипердің хабарлауынша, «әуе қорғанысы күштері жау нысандарының көпшілігін жойғанымен, салдардың алдын толық алу мүмкін болмады».

Одесса облысының оңтүстігінде электр беру желілерінің зақымдануы салдарынан шамамен 4 мың абонент жарықсыз қалған.
«Бақытымызға қарай, зардап шеккендер жоқ. Энергетиктер қазірдің өзінде электр қуатын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деп нақтылады Кипер Telegram-да.

Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Ресей дрондарының Қара теңіз акваториясындағы үш сауда кемесіне де тигенін хабарлады. Олар Вануату, Комор аралдары және Панама туларымен Украина теңіз дәлізі арқылы жүзіп бара жатқан.

Соққылар салдарынан шыққан өрттер «экипаж күштерімен сөндірілген», ал кемелердің бірінде екі теңізші жараланған.
«Ауруханаға жатқызу қажет болмады, қажетті көмек оқиға орнында көрсетілді. Теңіз дәлізі арқылы қозғалыс жалғасып жатыр», — деп жазды Кипер.

Жергілікті билік бұған дейін Ресей шабуылының басты нысанасы Румыния шекарасына жақын орналасқан Одесса облысындағы Измаил қаласы болғанын хабарлаған. Дунай бойындағы бұл ең ірі украин порты Ресей шабуылдарының жиі нысанасына айналады.

Румынияда дрон көпқабатты үйге түсті

29 мамырға қараған түні Румынияның Галац қаласында дрон көпқабатты тұрғын үйдің шатырына құлап, 10-қабаттағы пәтерде өрт шыққан. Румыния Қорғаныс министрлігі бұл Ресейдің ұшқышсыз аппараты екенін мәлімдеді.

Румынияның Төтенше жағдайлар қызметінің Facebook әлеуметтік желісіндегі хабарламасына сәйкес, дронның бүкіл жарылғыш бөлігі жарылған, салдарынан екі адам зардап шеккен.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жараланған екі адам ауруханаға жеткізілген, 70 адам эвакуацияланған, ал өрт толық сөндірілген.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары