Malim.kz
Әлем

Ресейде нысандарды қорғау үшін резервистерді жинау басталды

Арман Қайыпхан
Фото: Alexander Shcherbak/TASS/dpa/picture alliance

Ресейдің кемінде 19 аймағында ел аумағындағы стратегиялық маңызды нысандарды қорғауға тартылатын резервистерді қабылдау науқаны басталды. Бұл туралы «Коммерсант» газеті жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Мұндай мүмкіндік беретін жарлыққа Ресей президенті Владимир Путин 4 қарашада қол қойған.

Басылымның мәліметінше, «ең алдымен қарсыластың дрондарымен күреске тартылатын» резервистер қызмет еткен кезеңде әскери қызметші мәртебесін иеленеді.

Оларды арнайы жиындар аясында нысандарды қорғауға шақырады, ал жиын өткізу тәртібін үкімет белгілейді.

РФ Қорғаныс министрлігінің жобасына сәйкес, мұндай жиындардың ұзақтығы жылына алты айдан аспауы тиіс. Оларға негізгі жұмыс орнындағы орташа еңбекақысы сақталып, қосымша үстемақылар мен сыйақылар төленеді.

«Егер резервист қаза тапса, оның отбасына әскери қызметшілерге белгіленгендей өтемақы мен жеңілдіктер төленеді», — деп жазады «Коммерсант».

Төлем мөлшері резервист қызмет ететін аймаққа байланысты болады.

Министрліктің құжатына сай, жас шектеуі — сарбаздар мен сержанттар үшін 50 жасқа дейін, ал кіші және аға офицерлер үшін 60–65 жасқа дейін. Кандидаттардың денсаулығы «В» санатынан төмен болмауы және кемінде тоғыз сыныптық білімі болуы қажет. Сондай-ақ олардың сотталған болмауы міндетті.

Бұған дейін Ресей Бас штабының ұйымдастыру-мобилизация бас басқармасы бастығының орынбасары, вице-адмирал Владимир Цимлянский резервистерді Украинадағы соғысқа немесе Ресей аумағынан тыс жерлердегі операцияларға тартпайтынын айтқан еді. Алайда Путин қол қойған жарлықта мұндай шектеулер көрсетілмеген.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары