Malim.kz
Әлем

Ресейде қытайлық жұмысшылар митингіге шықты

Ереке Базарқұл
©dvhab.ru

Комсомольск-на-Амуре қаласында қытайлық жұмысшылар жалақының кешігуіне байланысты наразылыққа шықты. Бұл туралы DW хабарлайды.

Құрылыс каскаларын киген жүзден астам қытайлық жұмысшы қала көшелерінен шерулетіп өтіп, жергілікті университеттің жанындағы скверге жиналды. БАҚ мәліметінше, наразылық шарасын Комсомольск-на-Амуредегі мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға тартылған мердігер «Петро-Хэхуа» компаниясының жұмысшылары ұйымдастырған, ал наразылыққа жалақының ұзақ кешігуі себеп болған. Жұмысшылар осындай жағдайға бұрын да тап болыпты, тіпті олардың төлқұжаттарын тартып алған жағдайлар да болған екен деп жазады жергілікті Komcity басылымы.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан наразылық білдірушілердің транспаранттарын көруге болады. Онда «No money», «Путин көмектес» және «Сечин көмектес» деген жазулар бар.

БАҚ-тың хабарлауынша, акцияны құқық қорғау органдарының қызметкерлері бақылап тұрған, бірақ оқиғаға араласпаған. Қала әкімшілігі мереке күні болғанына қарамастан, жұмысшылармен келіссөздер жүргізе бастады. Қала басшысы Дмитрий Заплутаев болса, мердігермен мәселені талқылау үшін зауытқа барыпты. Оның «ВКонтакте» желісіндегі парақшасында наразылық білдірушілермен жүргізілген келіссөздер туралы жазба пайда болып, кейін жоғалып кетті деп жазады «Медуза».

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары