Malim.kz
Әлем

Ресейде ұшқышсыз жүйелер әскері құрылды

Арман Қайыпхан
Фото: Alexander Reka/TASS/dpa/picture alliance

Ресей Қарулы күштерінде ұшқышсыз жүйелер әскері құрылды. Бұл туралы 12 қараша, сәрсенбі күні «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында жаңа әскер түрі басшысының орынбасары, полковник Сергей Иштуганов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

«Жаңа әскер түрінің құрылымы анықталды, ұшқышсыз жүйелер әскері басшысы тағайындалды, барлық деңгейде әскери басқару органдары құрылды. Ұйымдық құрамдағы полктер мен өзге де бөлімшелер жасақталды. Ұшқышсыз жүйелер бөлімшелерінің жауынгерлік қызметі бірыңғай жоспар бойынша және басқа әскери топтармен өзара іс-қимылда жүргізілуде», — деді Иштуганов.

Оның айтуынша, қазір ұшқышсыз жүйелер әскері үшін жоғары әскери оқу орнын құру жұмыстары жүріп жатыр.

Ал мемлекеттік ТАСС агенттігі Ресей қорғаныс министрлігінің бейнеролигін жариялады. Онда ұшқышсыз жүйелер әскері эмблемасы көрсетілген: айқасқан жебе мен қылыш, ал олардың қиылысқан жерінде жұлдыз бен қанаты бар микросхема бейнеленген.

Өткен жылдың желтоқсан айында Ресей Федерациясының қорғаныс министрі Андрей Белоусов жаңа әскер түрін Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасына сәйкес құру жоспарланғанын мәлімдеген болатын. Ол әскердің құрылуы 2025 жылдың үшінші тоқсанында аяқталатынын айтқан.

2025 жылдың маусым айында Ресей президенті Владимир Путин «құрылып жатқан ұшқышсыз жүйелер әскерін барынша жылдам әрі сапалы түрде орналастыру мен дамыту» қажеттігін атап өтті.

«Біз қарсыластың қалай әрекет ететінін білеміз. Бірақ жалпы алғанда, біз ешнәрседе артта қалып отырмыз деп есептемеймін», — деді Путин.

Украина Қарулы күштерінде де осындай әскер түрі бар. Ол Ұшқышсыз жүйелер күштері (ҰЖК) деп аталады. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийдің 2024 жылдың 6 ақпанындағы жарлығымен жеке әскер түрі ретінде бөлініп шыққан. Оның құрамына ұшқышсыз және роботтандырылған әуе, теңіз және құрлық жүйелерін пайдаланатын бөлімшелер кіреді. 2025 жылдың маусым айынан бастап бұл күштерді майор Роберт Бровди (әскерде «Мадьяр» деген лақап атпен белгілі) басқарады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары