Malim.kz
Әлем

Ресейдегі ең ірі Омбы мұнай өңдеу зауыты дрон шабуылынан кейін жұмысын тоқтатты

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Ресейдегі ең ірі бензин өндіруші саналатын Омбы мұнай өңдеу зауыты украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарының (БПЛА) шабуылынан кейін жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Агенттік мәліметінше, дүйсенбі күнгі шабуыл кезінде зауыттағы ЦДУ-10 алғашқы мұнай өңдеу қондырғысы зақымданған. Бұл қондырғы кәсіпорынның өндірістік қуатының шамамен 38 пайызын қамтамасыз етіп, тәулігіне 24 580 тонна мұнай өңдей алады. Сонымен қатар көршілес ЦДУ-11 қондырғысының жұмысы да тоқтатылған. Ол тікелей зақымданбағанымен, оның жұмысын қамтамасыз ететін бірнеше технологиялық жүйе істен шыққан.

Ресей президентінің Сібірдегі өкілетті өкілі Анатолий Серышев зауытқа зақым келгенін растады. Оның айтуынша, қызметкерлер арасында зардап шеккендер жоқ. Алайда ол оқиғаның кәсіпорын жұмысына нақты қандай әсер еткенін айтпады.

7 шілдеден бастап Омбы мұнай өңдеу зауыты бензин мен дизель отынын Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасы арқылы сатуды тоқтатқан.

Reuters мәліметінше, Ресейдегі ең ірі бензин өндірушінің жұмысын тоқтатуы елдегі жанармай тапшылығын одан әрі күшейтуі мүмкін.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары