Malim.kz
Қоғам

Ресейдегі өрттен ауыр күйік алған 24 жастағы қазақстандық қайтыс болды

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Ресейдегі өрт кезінде денесінің 70 пайызын күйік шалған 24 жастағы қазақстандық қайтыс болды, деп хабарлайды Malim.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР СІМ 15 тамызда Омбыдағы құрылыста болған өрттен зардап шегіп, 18 тамызда алған жарақаттарынан қайтыс болған Қазақстан азаматы Максим Багинскийдің қазасына қатысты түсініктеме берді. 

Анықталғандай, 2002 жылы туған жас жігіт денесінің шамамен 70 пайызын ауыр күйік шалып, үш күннен кейін ауруханада қайтыс болған. Жалпы бұл өрттің салдарынан 11 адам зардапшеккен.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 18 тамызда Омбы қаласындағы өрттің салдарынан қаза тапқан Қазақстан Республикасының азаматы Максим Багинскийдің туған-туыстары мен жақындарына көңіл білдіреді. Қазақстанның Омбы қаласындағы Бас консулдығы барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті, соның ішінде құжаттарды рәсімдеуге және азаматтың қаза табу жағдайларына қатысты Ресейдің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға жәрдем көрсетуде. Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан азаматымыздың отбасымен байланыста және өз құзыреті шегінде қажетті көмек көрсетуде, - деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. 

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары