Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін Украинадағы соғыс аймағына жіберілу қаупіне тап болған қазақстандықтарға қатысты пікір білдірді, деп Malim.kz тілшісі, Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың сөзінше, бұл мәселе биліктің назарында. Қазір Қазақстан тарапы жағдайды дипломатиялық арналар арқылы шешуге тырысып жатыр. Алайда мәселенің күрделі әрі нәзік сипатына байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың егжей-тегжейі әзірге жария етілмейді.
Бұған дейін Ресейде жүрген қазақстандықтардың ата-аналары Астанаға келгені хабарланған. Олар балаларының Украинадағы соғысқа жіберілуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген. Ақпаратта сөз 21 Қазақстан азаматы туралы болып отырғаны айтылады. Олардың бір бөлігі Ресейге интернеттегі жұмыс туралы хабарландырулар арқылы барған.
Ерлан Сайыров шетелге жұмыс істеуге немесе басқа мақсатпен баратын азаматтарға қауіп-қатерді алдын ала бағалау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі халықаралық ахуал тез өзгеріп жатқандықтан, қазақстандықтар барған елінің заңдарын сақтап қана қоймай, жеке қауіпсіздігіне де барынша мұқият болуы керек.
Депутат Ресейде жұмыс ұсынатын делдалдарға қатысты мәселенің де назардан тыс қалмағанын жеткізді.
Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қақтығыс аймағында жүрген ел азаматтарының өтініштерін қарап, оларға қажетті көмек көрсету жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеген.
Қазақстандықтар Ресейге қалай барған?
Бұған дейін бірқатар қазақстандық жас бейнеүндеу жариялап, елге қайтаруға көмектесуді сұраған. Олардың айтуынша, бастапқыда Ресейге күзет агенттігі, ет комбинаты және құс фабрикасы секілді кәсіпорындарға жұмысқа орналасу мақсатында барған.
Алайда жастар өздеріне жұмысқа орналасу үшін қажет құжаттар ретінде ұсынылған қағаздарға қол қойғанын, кейін олардың әскери қызмет туралы келісімшарт екені белгілі болғанын айтқан.
Қазақстандықтардың сөзінше, келісімнен бас тартуға әрекет жасағандарға қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені айтылып, қысым көрсетілген. Кейін олардың арасындағы кей азаматтар соғыс қимылдары жүріп жатқан аумаққа жіберіле бастаған.
Осы жағдайдан кейін Қазақстан тарапы азаматтардың өтініштерін дипломатиялық жолмен қарастырып жатыр. Ерлан Сайыров мәселе бойынша жұмыс жалғасып жатқанын айтып, шетелге шығатын азаматтарды жұмыс беруші мен қол қоятын құжаттарын мұқият тексеруге шақырды.