Ресейден пара алып, 7 маусымдағы парламенттік сайлауда дауыс беру үшін Арменияға келетін Армения азаматтары 25 күндік әскери оқу-жаттығу жиындарына резервист ретінде шақырылады. Бұл туралы 3 маусым, сәрсенбі күні республика премьер-министрі аппараты басшысының орынбасары Тарон Чахоян Facebook-тегі парақшасында жариялаған бейнеүндеуінде мәлімдеді.
«Калугадан шыққан Самоға (ұзақ уақыт бойы Калугада тұрып, жұмыс істеген кәсіпкер әрі саясаткер Самвел Карапетянға қатысты айтылып отыр. – Ред.) дауыс беру үшін Ресейден пара алып келетін Армения азаматтары 25 күндік әскери оқу-жаттығу жиындарына шақырылады. Ал кімде-кім одан бас тартса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деді Чахоян.
Әңгіме Ресейде тұратын армяндар туралы болып отыр. Reuters агенттігінің мәліметінше, Ресей билігі оларды сайлау кезінде оппозициялық партияларға дауыс беру үшін Арменияға жеткізуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін осындай пікірмен елдің экономика министрі әрі билеуші «Азаматтық келісім» партиясы төрағасының орынбасары Геворг Папоян да сөз сөйлеген болатын.
«...Бұл адамдар бізге қажет, өйткені қазір әскери жиындар өтіп жатыр. Сондықтан өте жақсы болады: сол жүз мың адамның отыз-қырық мыңын әскери жиындарға жібереміз...» – деген еді саясаткер армяндық Civic басылымына берген сұхбатында.
Ереван әуежайында Армения азаматтарын әскери полиция тексеруде
Армениядағы «Аврора» радиосы 4 маусым күні өзінің Telegram арнасында бейнежазба жариялады. Онда, радиостанцияның мәлімдеуінше, елдің әскери полициясы Еревандағы «Звартноц» әуежайына келген азаматтарға тексеру жүргізіп жатқан көрінеді.
News.am жаңалықтар порталының хабарлауынша, тексеру барысында азаматтарға 25 күндік әскери оқу-жаттығу жиындарына шақыру туралы хабарламалар табысталған.